Мәжіліс депутаттары «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясына қатысушылармен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясының қатысушыларымен кездесті. Еліміздің өңірлерінен келген делегация құрамында қайырымдық қор басшылары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бизнес-құрылым, ғылым және шығармашылық орта мен зиялы қауым өкілдері болды.

Қонақтарды Мәжіліс спикерінің орынбасары Абай Тасболатов бастаған депутаттар қарсы алып, жүздесу барысында қайырымдылық шараларына қатысты бірқатар мәселелер туралы әңгіме өрбіді. Айта кетерлігі, халық қалаулылары да еліміздегі түрлі қайырымдылық акциялардың қатысушылары, ірі шаралардың демеушілері, меценаттар болып табылады.

Мәселен, ҚХА-дан сайланған депутат Юрий Тимощенко «SOS Астана балалар ауылы» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау жасап келеді. Ал оның әріптесі депутат Егор Каппель ерікті қайырымдылық жарналарын жинақтап, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп берген болатын.

Жүздесу барысында депутат Николай Кузьмин заң шығармашылығы жұмысымен таныстырып, жақында қабылданған «Қайырымдылық туралы» заңында қамтылған жаңалықтар туралы айтып берді. Кездесу аясында еңбек династияларына арналған «Жаңа ойлар табысқа жетелейді» және ең үздің инновациялық жобалар туралы «Армандаған мамандық» атты республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 20 - 27 қараша аралығында еліміздің барлық өңірінде, Алматы және Астана қалаларында Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұңғыш Президент күніне арналған «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту. Шара аясында ертең, 27-қарашада Бейбітшілік және келісім сарайында қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың «Қайырымдылық керуені» республикалық съезінің ашылу салтанаты өтпек. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық жобаларының «Ізгілікті істер көрмесі» атты көрме, сондай-ақ суретшілер мен қолөнешілер ұсынған сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері бұйымдарының көрме-сатылымы өткізіледі. Осы акциядан түскен және қайырмалдықтан жиналған ақша қаражаттарының барлығы шұғыл медициналық көмек көрсетуге мұқтаж балалардың отбасыларына беріледі.

Соңғы жаңалықтар