Мәжіліс депутаттары БҚО-дағы жұмыс сапарын мектептен бастады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова, Светлана Бычкова және «Ақжол» партиясы фракциясынан Кеңес Әбсатыров Орал қаласындағы №47 орта мектеп жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы 5 қазан күні Жолдауын жариялаған кезде үш ауысымда оқытатын және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесіне арнайы тоқталып, оны шешу үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 мрлд теңге бөлуді қарастыруды тапсырған болатын.


Депутат Жәмила Нұрманбетованың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 127 үш ауысымдық, 44 апатты мектеп бар. Нақты айтқанда, 124 мың оқушыға орын жетіспейді. Соның ішінде БҚО-да 5 үш ауысымды, соншама апатты мектеп бар. Бұл - 2163 оқушыға орын жетпейді деген сөз.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл мәселені кешенді түрде шешу қажет. Құрылысы келесі жылы жалғасатын білім ордаларын қоса алғанда, 94 үш ауысымдық, 36 апаттың мектептің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Көп жағдайда жергілікті атқарушы органның құрылыс салу жөніндегі өтініштері республикалық бюджет комиссиясы тарапынан негізсіз деп есептелінеді немесе қабылданбайды. Сондықтан бұл мәселені жергілікті әкімшілік нақтылап, министрлікпен бірге шешуі керек», деді Ж.Нұрманбетова.


Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың келтірген мәліметтеріне қарағанда, Орал қаласында жалпы орта білім беретін 50 мектеп болса, соның 10-ы инновациялық бағытта, біреуі - кешкі мектеп. Соның ішінде 23-і қазақ, 14-і орыс, 13-і қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Соңғы кезде Зачаган кентінде (№47 мектеп те осында орналасқан) халық көп қоныстанып жатқандықтан, бұл ауданға әлі екі мектеп қажет.

№47 орта мектеп директоры Наталья Ерғожиеваның сөзіне қарағанда, мұнда 180 мұғалім дәріс береді. Бәрі дерлік жаңартылған курстан өткен. Алайда оқушы санының көптігі қиындық тудыруда. Басқасын айтпағанда, 90 сыныптың дене шынықтыру сабағының 1 спорт залында өтуі қолайсыз. Жаңа мектеп салынса, біраз мәселе шешіліп қалар еді.


Мәжіліс депутаттары жұмыс сапары барысында жергілікті жердегі жағдаймен нақты танысып, көкейкесті мәселелердің шешілуіне барынша ықпал ететіндіктерін жеткізді.

Айта кетейік, өткен аптада Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев және Нариман Төреғалиев Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға байланысты Орал қаласы мен облыстың бірнеше ауданында болып, елдің жай-күйімен танысқан еді.

Бұл жолы Мәжіліс депутаттары Оралда ғана емес, сондай-ақ Ақжайық, Жаңақала, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарын аралап, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне де құлақ түретін болады.

Соңғы жаңалықтар