Мәжіліс депутаттары білім беру мекемелеріне жүргізілетін тексерісті «естен тандырарлық» деп бағалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім беру мекемелерінде болатын тексерістерді «естен тандырарлықтай» деп бағалауға болады. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында әлеуметтік зерттеуге сүйенген депутат Камал Бұрханов осылай мәлім етті.

Тоқтала кетейік, комитет отырысында әлеуметтік нысандардың тексерілуі мәселелері талқыланды. Осы тақырып аясында депутат Камал Бұрханов жүргізілген арнайы зерттеулердің қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, еліміздегі әлеуметтік нысандардың тексерілуі жөнінде зерттеу жүргізу оңайға соқпаған. Өйткені, білім, денсаулық және мәдениет нысандарының басшылары тарапынан тексеру түрлері, олардың саны, тексеретін органдар мен лауазымды тұлғалар туралы ақпарат алу оңай болмады.

«Сондықтан біз сауалнаманы анонимді негізде жүргізуге мәжбүр болдық әрі тексеруші органнан әбден теперіш көрген, ертеңгі күнінің мүлдем қиындап кететінін ойлаған әлеуметтік нысан басшылары өздерінің аты-жөндерін көрсетуден мүлдем бас тартты», - дейді К.Бұрханов.

Оның сөзіне қарағанда, сауалнама еліміздің барлық облыстарындағы білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет нысандарының басшылары арасында жүргізілді.

Халық қалаулысы сондай-ақ: «Жасырын негізбен жүргізілген сауалнама білім беру саласындағы тексерістердің естен тандырарлықтай екенін көрсетті. Жоспар бойынша жылына 10-15 тексеріс - бұл ресми түрде бекітілген және ресми органдар үшін жасалған көрсеткіш. Ал шын мәнінде тексерулер көрсеткіші одан 2-3 есеге көп. Ондай тексеріс барысында мұғалімдер тексерушілер талап ететін қағаздарды толық ұсынып қана қоймай, «бесбармақ тарту, қарсы алу мен шығарып салу» рәсімдерін өз мойнымен көтереді. Мұндай тексерулердің ұзақтығы өз алдына, ең азы 2 күннен басталып, 1,5 айға жалғасады. Бұл ретте мұғалімдер тексерушілер талап ететін ережелер мен нұсқаулардың барлығын мұнтаздай орындап шығу мүмкін еместігін алға тартады, яғни қандай да бір бұзушылық бәрібір табылады, ендеше айыппұлдан құтылу еш мүмкін емес», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, тексерулердің басым бөлігін аудандық және облыстық білім беру басқармалары жүргізеді. Ал мұндай тексерулер білім мекемелеріне бірнеше сағат бұрын ғана қоңырау шалу арқылы ескертіледі. Сосын тексерушілер ешқандай қызметтік куәліктері мен тексеруге негіз болатын құжаттарды көрсетпейтін көрінеді.

«Тексеруші органдар тарапынан орын алатын мұндай өрескел бұзушылықтардың өзі алаяқтарға «тексеруші» мәртебесін иеленуге оңай жол ашатынын аңғаруға болады», - деп түйді депутат.

Соңғы жаңалықтар