Мәжіліс депутаттары Ауыл шаруашылығы министрін шақырып жатыр

None
None
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Петр Дмитриенко ауыл шаруашылығы саласында орын алған жағдайларға алаңдаушылық білдіріп, министр Ақылбек Күрішбаевты палатаның отырысына шақырту туралы мәселе көтерді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге Солтүстік Қазақстан облысының шаруа-фермерлік қожалықтар басшылары республикамыздың астық нарығындағы жағдайға алаңдап хат жолдап отыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығындағы  мол өнім жиналғанына қарамастан, бұл саламен айналысатын кәсіпкерлерге банкроттық қауіп туып отыр. Қазіргі күні көптеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, өздері баптап өсірген өнімдерін құнынан төмен сатып, астық нарығында үлкен күйзеліске ұшырауда. Менің ойымша, бұндай жағдайда мемлекеттік деңгейде қолдау жасау ауадай қажет», деді П. Дмитриенко.

Депутаттың айтуынша, 2006-2007 жылдары бұл саладағы проблемаларды нарық өзі реттеген болатын. Кейінгі жылдары азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты орынды-орынсыз шаралар да килігіп кеткен. Осыған орай, депутат астықты сатуға қатысты лицензиялауды алып тастауды ұсынады.

«Дәл қазіргі күні астық нарығын қалыпқа келтіріп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау жасау ауадай қажет болып отыр. Яғни, осыған дейін құрылыс саласын, банктік жүйеге мемлекеттік қолдау жасалса, ендігі кезек ауыл шаруашылығы саласында. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алған несиелерін жабу мерзімін кейінге ысыруға жағдай жасауды қарастырған орынды», деді депутат. Осы мәселелерді алға тартқан П. Дмитриенко,  Парламент Мәжілісіне Ауыл шаруашылығы министрін түсінік беру үшін шақырту туралы мәселе көтерді.  Депутаттық сауалға бірқатар халық қалалулылары қол қойған.

Соңғы жаңалықтар