Мәжіліс депутаттары Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің өкілдерімен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті құрамындағы делегация Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс өкілдері құқық қорғау органы қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша хабарламалар мен ақпаратты талдау қорытындысындағы мән-жайларды анықтау үшін Алматыға келді.

Екі күн қатарынан комитет мүшелері жәбірленушілердің өкілдерімен кездесу өткізді, сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар жатқан тергеу изоляторында болды.

«Біз бәрін өз көзімізбен көріп, ұсталғандардың қандай жағдайда отырғанына, тергеу қалай жүргізіліп жатқанына көз жеткізгіміз келді. Бізге объективті ақпарат қажет. Себебі, азаматтардың үстінен жүріп жатқан тергеудің заңды әрі әділ болатынына, соның қорытындысы бойынша шығарылатын шешімдердің әділ болатынына кепілдік беруге міндеттіміз. Бұл біз ақтық қорытынды шығару үшін келдік деген сөз емес. Конституция бізді тергеу барысына араласудан шектейді.

Біздің міндетіміз – жауап алу кезінде азаматтардың шынымен азапталғанына, ұсталған кезде адамдарды шынымен ұрғанына көз жеткізу. Бұл бойынша ешқандай құпия жоқ. Алғашқы күндері қатысушылар алаңнан ұсталған кезде күш қолданылғанын ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ бұл жағдайда ІІМ тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқанын айтқым келеді. Ел Президенті бірден Бас прокурорға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істерді қозғауды және тергеуді тапсырды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова.

Қазір Алматыда прокурорлар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша 15 қылмыстық іс қозғап, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеуде.

«Екі күн қатарынан біз жәбірленушілердің өкілдерімен кездесу өткіздік. Олар тергеумен айналысатын және құқық қорғау органдарына көмектесетін қоғамдық комиссияның ең белсенді мүшелерін жинады. Иә, біз жәбірленуші тараптың өз балаларын немесе туыстарын ақтап, қорғайтынын түсінеміз. Тергеу изоляторындағы балалар бәрін айтып отыр, олар шынымен өкінеді. Бірақ мұнда күдіктінің жасаған ісіне өкінетінін, жасалған қылмыстық әрекетінің қаншалықты ауыр екенін ескере отырып, сот тиісінше объективті шешім қабылдайды. Жұрт ішінде ол жағынан күмән болмауы керек. Тергеу тәулігіне 24 сағат жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді Мәжіліс өкілі.

Оның айтуынша, камераларды аралау кезінде Мәжіліс өкілдеріне азаптау туралы шағым айтқан адам кездеспеген.

«Тергеу изоляторындғы камералардың бәріне барып, ұсталғандармен кездестік. Жалпы, қазір жаппай тәртіпсіздік бойынша 234 адам қамауда отыр. Ғимарат жылы, таза. Күніне үш рет тамақ береді. Медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бір күннен кейін екі ауруханадан бейінді мамандар келіп, көмекке мұқтаж адамдарды тексереді. Медициналық-санитарлық бөлімде аяғына оқ тиген үш адам бар. Камераларда шағымдар болған жоқ», - деді Гүлнар Бижанова.

Алматы қалалық прокуратурасының ресми мәліметі бойынша, 5-10 қаңтар аралығында 1257 адам құқық қорғау органдарына жеткізілген. Осы кезеңде қандай да бір заңсыз әректтерге қатысы бар екеніне дәлел болмаған 92 адам босатылған. Қазіргі таңда 234 адамның 121-і қолхатпен босатылған.

«Бүгінгі таңда ұсталғандардың көбі босатылып, үйде отыр деп айтуға болады. Бірақ олардың қатысы бар делінген істер бойынша тергеу жалғасып жатыр және соңғы нүктені сот қояды. Қылмыстық істер ұрлық, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, қару ұрлау, автокөлік ұрлау, қару сақтау, терроризм актілері, зорлау, кісі өлтіру, билік өкілдеріне күш көрсету сияқты баптар бойынша қозғалған.

Біздің тергеу барысына араласуға құқығымыз жоқ. Бірақ келіп түскен әрбір өтінішті бақылауға аламыз. Прокурордың осы бағытты үйлестіруші орынбасарымен, Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тікелей байланыстамыз. Келесі аптада жұмыс тобын жинап, үлкен дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда»,- деп түйіндеді Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.


Соңғы жаңалықтар