Мәжіліс цифрлық активтер туралы құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы мен іліспе құжаттар екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық активтер нарығын дамытуға, цифрлық активтерді шығару, орналастыру және айналысқа шығару процесіндегі қатынастарды реттеуге бағытталған, сондай-ақ цифрлық активтер нарығы субъектілерінің қызметін реттеудің ерекшеліктерін қамтып отыр.

Аталған заң жобасы Мәжілісте 2022 жылғы 12 қазанда бірінші оқылымда мақұлданды.

«Майнингті және оның өнімін реттеуге тоқталсам, майнингті лицензиялау екі санат бойынша жүргізілмек. Бірінші санат - тиісті инфрақұрылымы бар цифрлық майнерлер. Екінші санатқа деректерді өңдеу орталықтарында орынды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін цифрлық майнерлер жатады. Заң жобасы міндетті аккредиттеуден басқа, майнинг-пулдар үшін жекелей талаптар енгізіледі. Осы орайда ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтау тұрғысынан бөлек талаптар қарастырылған», - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында цифрлық активтер төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды.

Қазақстандық майнерлер табыстарынан корпоративтік цифрлық салық төлейді, ал жеке тұлғалар үшін криптовалюта операциясын жүзеге асыру кезінде оның құнының өсуіне қарай салық пайда болады.

Сонымен қатар депутат Қазақстан аумағында криптовалюта айналымына және криптобиржалардың қызметіне тыйым салынатынын айтты. Олар АХҚО-ның жеке юрисдикциясындағы лицензия бойынша ғана эксперимент ретіндегі құқықтық режимде жұмыс істейді. Ел аумағында криптовалюталық операцияларды жарнамалауға тыйым салынған, бағалы қағаздарға ұқсас қамтамасыз етілген активтер үшін оны реттеудің ерекше тәртібі енгізілген.


Соңғы жаңалықтар