Мәжіліс бюджетке енгізілген өзгерістерді мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін әзірленді», - деп тоқталды Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты заң жобасында облыстан республикалық бюджетке кері трансферт аудару және оларды трансферттермен Шымкент қаласына қайта жіберу жолымен облыстың субвенциялар көлемін бөлу көзделеді.

«Тиісінше, республикалық бюджет параметрлері аталған бөлуді ескере отырып қана өзгереді. Бұл тұрғыда  түсімдер 8 772,3 млрд теңгені құрайды, ол бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 млрд. теңгеге жоғары. Ал шығыстар да 12,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 9 655,6 млрд. теңгені құрады. Бюджет тапшылығы мен мұнайлы емес тапшылық өзгеріссіз қалады», - деді Ә. Смайылов.

Атап айтқанда, бюджеттің шығыс бөлігінің ішкі өзгерістері үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру ескерілген. Осы бағытта қосымша 29,7 млрд теңге бағыттау ұсынылады.

Екіншіден, 83,9 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыруы бар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын іске асыру. 

Үшіншіден, нақтыланған бюджет жобасында құрылыс салу мерзімінен озып кеткен жобалар бойынша қаржыландыру, сондай-ақ бұрын қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ету көзделген.

Осылайша, 9,8 млрд теңге сомасындағы қосымша қаражат білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын-үй салу, газдандыру нысандарын салу бойынша жалғастырылған жобаларды іске асыруды жеделдетуге бағытталатын болады.

Жалпы отырыс барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасындағы түзетулер аясында қаржыны тиімді игеру маңыздылығына тоқталды.

«2018 жылғы республикалық бюджетке түзетулер бойынша өте маңызды заң жобасын мақұлдадық. Осы түзетулер Елбасының сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берілген тапсырмаларды қаржыландыруға, нақты қадам жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан жыл соңына дейін Үкіметтің, жергілікті органдарда осы қаржыны тиімді игеру маңызды болып отыр», - деді Н. Нығматулин. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылы инфляция 5-7 пайыздық мақсатты дәлізде қалатынын атап өтті. 

Сонымен қатар, жыл басынан бері валюта нарығында теңге бағамы 10,4 пайызға әлсірегені белгілі болды.

 

Соңғы жаңалықтар