Мәжіліс биржалық сауда туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоба тауар биржаларының қызметін реттеуді заңнамалық жетілдіру бойынша Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 46-тармағын орындау үшін әзірленді. Заң жобасында заңнамалық базаны халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес келтіру, сондай-ақ биржалық сауданы дамыту бойынша толықтырулар кешені көзделген. Оларды іске асыру орнықты және бәсекеге қабілетті отандық биржалық саланы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Биржа сауданың маңызды экожүйесі болып саналады. Оның негізгі факторы биржалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген сенімділік болып отыр. Қолданыстағы тетіктер биржалық саудадағы жеткізушілердің жауапкершілігін көздемейді. Бүгін кепілдік әрі сақтандыру қорлары тауар биржасының және осы тауар биржасында аккредиттелген брокерлердің қаржы ресурстарынан қалыптастырылады. Сондықтан осы заң жобасы аясында биржадағы келісімдерді сақтандыруды енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл стандартты және қосарланған қарсы аукцион режимдерінде іске асырылатын болады», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, келісімдердің жасалуын және шарттардың орындалуын сақтандыру құралын енгізу барлық қатысушылардың тәуекелдерін азайтады, олардың жауапкершілік деңгейін әрі биржалық сауданың тартымдылығын арттырады.

«Сондай-ақ, Заң жобасында министрлікке

ең төменгі қаржылық тұрақтылықтың шегін белгілеу бойынша құзырет беру ұсынылады. Ұсынылған құрал новелла емес. Бұл практика шет елдерде, мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Алмания, Сингапур, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың ұлттық жүйесінде қолданылады. Бұл шара өткізілетін сауда-саттықтардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, келісімдер қауіпсіздігінің қосымша құралы болып саналады, потенциалы дәрменсіз өнім берушілер шегеріледі, сондай-ақ биржалық саудаға қатысуға мүдделі тұлғалардың «көлеңкеден» шығуын ынталандырады», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, заңнамаға осы толықтыруларды енгізу:

– биржалық сауданың тұрақты нарығын қалыптастыруға;

– қол жетімділік пен адал бәсекелестікті арттыруға;

– сатушылар мен сатып алушылар тарапынан брокерлер мен биржаға ықтимал әсер мен қысымды болдырмауға;

– брокерлерді биржалық саудаға жаңа жеткізушілер мен сатып алушыларды, соның ішінде шетелдік сатып алушыларды ынталандыруға;

– биржалық сауда көлемін 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға;

– көтерме сауданың жалпы көлеміндегі биржалық сауданың үлесін 14%-ке дейін ұлғайтуға;

– табиғи бағаны белгілеуге және биржалық келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған.

Сонымен қатар, Қазақстанда биржалық сауданың Бірыңғай қағидалары бекітілмек.


Соңғы жаңалықтар