Мәжіліс бірқатар заң жобаларын қарастыруды бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастыруды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы бір топ Мәжіліс және Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленіп, мемлекеттік шекараны қорғау бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталады. Заң жобасы құқық қорғау әрі арнаулы органдары қызметкерлерінің өткізу пунктерінде болу тәртібін реттеуді, сондай-ақ шекара қызметінің қажетті инженерлік-техникалық құралдары, құрылыс-жайлары мен бөгеуіштерді орнату жөніндегі құзыретін нақтылауды қарастырады», - деді депутат Мұхтар Ерман Мәжілістің жалпы отырысында.

Айта кетейік, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша 2020 жылғы 23 желтоқсанға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлейтін болады.

Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауды бастады.

«Еліміздегі адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттарымен әзірленді. Заң жобасы Конституцияның 13-бабында көзделген азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын іске асыру кепілдіктерін арттыруға бағытталған. Комитет аталған заң жобасы бойынша 2021 жылғы 26 қарашаға дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Мұнымен қоса, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастыру басталды.

«Аталған заң жобасы қолданыстағы жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу салаларындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттарымен әзірленді. Заң жобасы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау, нысанның бұзылуын растайтын құжаттарды рәсімдеу тетіктері мен мерзімдерін белгілеу, құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесін және уәкілетті органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру жолымен мәлімет алу мәселелерін әрі басқа да сұрақтарды реттеуді көздейді», - деді Н. Әбдіров.


Соңғы жаңалықтар