Мәжіліс бағдарлама әкімшілерінің дербестігі мен жауапкершілігін арттыратын заң жобасын мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат жаңа бюджеттік саясатты жетілдіру тұжырымдамасын, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген.

Жалпы, құжат бюджет қаражатын, оның ішінде бюджеттік кредиттерді бөлудің және пайдаланудың тиімділігін, сонымен қатар бюджетті атқару кезінде бағдарламалар әкімшілерінің дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, бюджетті атқарудың икемділігін арттыру мақсатында бюджетті түзету 5 пайыздан аспайтын көлемде республикалық бюджет комиссиясында қараусыз және 5-тен 10 пайызға дейінгі көлемде республикалық бюджет комиссиясында қарау арқылы бір орталық мемлекеттік органның бюджеттік даму бағдарламасы арасында қайта бөлу мүмкіндігі көзделеді.

Сонымен қатар, құжатта нысаналы даму трансферттерін іске асыру кезінде әкімшілер мен жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың нысаналы даму трансферттері бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде өңірлер арасында 10 пайыздан аспайтын көлемде қаражатты қайта бөлу көзделеді. Ал әкімдер үшін нысаналы трансферт бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында 10 пайыздан аспайтын көлемдегі қаражатты дербес қайта бөлу қарастырылады. Бұл нысаналы даму трансферттерін іске асырудың тиімділігін арттыруға және ілгерілетіп іске асырылатын жобаларға қаражатты жедел аударуға мүмкіндік береді. Дегенмен, дербестік берумен қатар, әкімдердің нысаналы трансферттер бойынша нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапкершіліктер енгізіледі.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар