Мәжіліс азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға қатысты заң жобасын талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттарды талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобаларының мақсаты - Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған қазіргі заманғы төлем қабілеттігін қалпына келтіру институтын құру. Атап айтқанда, борышкерлерге қатысты соттан тыс банкрот рәсімі, төлем қабілеттігін қалпына келтіру және сот банкроттығы қарастырылған. Заң жобасын салалық заңнамалық актілермен сәйкестендіру және тиісті рәсімдерге қатысушылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу қажеттігі көзделген. Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобаларын қарап, ол бойынша 2023 жылдың 26 сәуіріне дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов палатаның жалпы отырысында.

Сонымен қатар, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ілеспе заң жобасын да қарайтын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы талқыланды.

Тиісті заң жобасы азаматтардың борыш жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемдерді ынталандыру және борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.


Соңғы жаңалықтар