Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заң жобасын мақұлдады
2022 жылғы 29 маусым 11:48

Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заң жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы биылғы ақпан айында бірінші оқылымда мақұлданған еді.

«Заң жобасының бірінші оқылымында Мәжіліс төрағасы берген тапсырмаға сәйкес, Заң жобасына асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәсілдерін өзгерту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, ауыл шаруашылығы бейініндегі ғылыми ұйымдардың қызметін кеңейту және тұтастай алғанда өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамыту жөнінде түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар оның мазмұнын нақтылауға және жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді», - деді Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер қызметінің хабарлама жасау тәртібі асыл тұқымды орталық, асыл тұқымды малдың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөніндегі дистрибьютерлік орталық, бонитер, ұрықтандырушы-техник және эмбриондарды траспланттау жөніндегі маман үшін сақталды.

Бұдан басқа, жануарлардың геномдық бағалауы мен молекулярлық-генетикалық бағалауын жүргізу жөніндегі ережелер регламенттелген, бұл жануарлардың негізгі шаруашылық белгілері бойынша селекцияны едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Малдың өнімділігі мен асыл тұқымдық сапасын арттыру үшін асыл тұқымды өнімді – ұрық пен эмбриондарды пайдалануға және өткізуге қатысты нормалар регламенттелген.

Заң жобасында асыл тұқымды емес, бірақ селекциялық процеске тартылған және асыл тұқымды істің дамуына тікелей әсер ететін жануарларды есепке алу бойынша да нормалар көзделген.

«Депутаттар республикалық палаталардың қызметін жетілдіру бойынша да түзетулер енгізді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңбұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға жол бермеу үшін уәкілетті орган ведомствосының бақылау субъектісіне бармай, профилактикалық бақылау жүргізу көзделген. Республикалық палаталар да асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтар, бюджеттік субсидиялар алған жеке және заңды тұлғалармен қатар профилактикалық бақылау субъектілері болып саналады. Мәжілістің барлық комитеті осы заң жобасы бойынша оң қорытынды берді. Комитетің екі кеңейтілген отырысы және мүдделі уәкілетті органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 28 отырысы өтті. Салыстырма кесте қабылданған 106 позициядан тұрады. Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет бұл заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Парламент Сенатына қарауға жіберуге болады деп есептейді», - деді А. Үйсімбаев.

Депутаттар түгел заң жобасын мақұлдап дауыс берді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT