Мәжіліс: 2017 жылы базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгертіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді құжат Сенатқа жолданады.

Заң жобасында зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгертіледі, атап айтқанда, бұл өзгеріс 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асады. Бұл ретте базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан аз және еңбек өтілі болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болады. Бұдан бөлек, 10 жылдан артық еңбек өтілінде әрбір жыл үшін 2 пайызға артып отырады. Бірақ, еңбек өтілі 35 және одан да көп жыл болған жағдайда зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, заң жобасы арқылы әскери қызметкерлерді, әскери құрылымдардағы қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, азаматтардың зейнетақымен қамтамасыз етілуі бойынша жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдасын енгізу ұсынылады. Бұл жұмыс берушінің есебінен жұмысшы кірісінің бес пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарынан қалыптасады. Жұмыс берушілер тарапынан аударылатын бес пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінде ашылған әрбір жұмысшының шартты зейнетақы шотында көрсетілетін болады. Мұндай зейнетақы салымдары азаматтардың меншігі болып табылмайды.

Соңғы жаңалықтар