Мәжіліс «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына енгізілген өзгерістерді мақұлдады

None
None
АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Елдегі экономикалық жағдайды талдау барысында макроэкономикалық көрсеткіштердің параметрлерін нақтылау және 2013 жылғы І тоқсанның қорытындылары бойынша іс жүзіндегі түсімдерге және ағымдағы қаржы жылының соңына дейінгі түсімдер болжамына сүйене отырып, есептеулерді нақтылау 2013 жылғы республикалық бюджет кірістерін қайта қарау үшін негіз болды.

2013 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің трансферттер түсімдерін есепке алмағандағы нақтыланған болжамы 2013 жылдың бекітілген жоспарына қарағанда 226 млрд. теңгеге азая отырып, 3 трлн. 588 млрд. 297 млн. теңге сомасында айқындалады. Оның ішінде салық түсімдері 231 млрд. теңгеге азайып, салықтық емес түсімдер бойынша 16,9 млрд. теңгеге ұлғаяды. Бұл ретте республикалық бюджет кірістерінің азаюы, негізінен мұнай емес сектордың қосылған құн салығы өсімінің қарқыны мен импорт көлемінің төмендеуінен, үстеме пайдаға салық түсімдерінің азаюынан, сондай-ақ мемлекеттік ресурстардан алынатын астықты өткізуден түсетін түсімдер жоспарының төмендеуі есебінен орын алатыны болжанған.

Бұдан бөлек, 2013 жылы Ұлттық қордан 25 млрд. 500 млн. теңге сомасында нысаналы трансферт тарту көзделуде.

Бюджет шығыстарының қысқаруы 159 млрд. 562 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде 200 млрд. теңге шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды қоса алғанда, оңтайландыру нәтижесінде жалпы сомасы 297 млрд. 387 млн. 257 мың теңгені құрап отыр. Ал қысқартылатын шығыстардың 137 млрд. теңгеге жуығын экономиканың басым секторларына жұмсау қарастырылады.

Жалпы алғанда, 2013 жылға арналған республикалық бюджеттің тапшылығы 870 млрд. 572 млн. 907 мың теңгені құрайды. Бұл бұрынғы бюджетке қарағанда 85 млрд. 397 млн. теңгеге ұлғая отырып, ЖІӨ-нің 2,5 пайызын құрайды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар