Мәжіліс: «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды

None
None
АСТАНА.  Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары  «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған заң жобасы еліміздің 2010-2014  жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде және ҚР Президентінің Жолдауына сәйкес әзірленген. Үш жылдық бюджеттің басты параметрлері әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық сценарийі бойынша қалыптастырылған. Мұнда мұнайдың әлемдік бағасы 2009-2010 жылдарда 1 баррель үшін орта есеппен 50 АҚШ доллары, 2011-2012 жылдарда 60 АҚШ доллары деңгейінде болжанады. Сонымен бірге 2010 жылдан бастап жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 2,4 пайыздан 2014 жылы 3,9 пайызға біртіндеп ұлғаяды деп күтілуде. Инфляция деңгейі 2010 жылы 7,5-8 пайыздан 2014 жылы 7 пайызға дейін төмендеуі болжанады. Сондай-ақ халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2010 жылы - 7078 доллар, 2011 жылы - 7852 доллар, 2012 жылы 8546 доллар құрайды деп болжанған.

Ал келер  жылға республикалық бюджет кірістері 3 трлн. 189,6 млрд. теңге көлемінде айқындалды. Бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға артық.

 Заң жобасында 2010-2012 жылдарға арналған корпорациялық табыс салығы ставкаларын қазіргі 20 пайыздық мөлшерде сақтап қалу ұсынылады. Сондай-ақ 2010 жылғы бюджет шығыстары ағымдағы жылдың жоспарына 17,9 пайыз өсіп, 3,9 трлн. теңге көлемінде бекітіліп отыр.

Бюджет тапшылығы 2010 жылы - 721 млрд. теңге, 2011 жылы - 734 млрд. теңге, 2012 жылы 735,8 млрд. теңге көлемінде айқындалып отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар