Мажарстанда «Тұран» халықтарының құрылтайы өтуде

None
None
БУГАЦ. ҚазАқпарат - 11 тамыз күні Мажарстанның Бугац қаласында «Тұран» халықтарының 10-шы халықаралық құрылтайы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға 30-дан астам ел мен халықтың делегациялары қатысты. Құрылтай «Тұран» ежелгі жауынгерлері шеруінің жаңартылған салтанатымен ашылды. Халықаралық шараға қатысушылар  алдында Венгрия Парламентінің сипкері Ласло Кевер сөз сөйледі. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз құттықтауында осынау қызықты әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ұйытқы болғандарға ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев құрылтайға Қазақстан Президентінің тапсырмасымен келгенін айтты. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланыстардың жылдан жылға тереңдеп, нығая түсіп келе жатқандығын атап өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мажарстанға және елдің Премьер-Министрі Виктор Орбанның Астанаға сапары жарқын дәлел бола алады.

Мұнан бөлек, Ақтөбе облысының әкімі Қазақстанда Түркістан облысының құрылғанын, ол тарихи туризм базасын құру үшін үлкен мүмкіншіліктер ашатындығын және «Тұран» халықтары құрылтайына қатысушылардың да қызығушылығын тудыратындығын айтты.

Б.Сапарбаев Қазақстанда ғұндардың тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының құрылғандығын атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларды келесі жылы Қазақстанда құрылтай өткізуге шақырды. Сөз соңында «Мадияр Тұран» қорына Ақтөбе облысының атынан қазақтың киіз үйін тарту етті.

Құрылтай аясында дөңгелек үстел өтіп, оған Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айболат Көшкінбаев қатысты. Онда Түркі академиясының, сондай-ақ «Сакралды Қазақстан» орталығының таныстырылымы болды. «Сакралды Қазақстан» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Дархан Қыдырәлі мажарлық сарапшылар мен ғалымдарды «Шивээт Улаан» (Моңғолия - авт.) жеріндегі бірінші түркі ғибадатханасының орнында жүргізілген соңғы қазба жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Ал Берік Әбдіғалиұлы «Сакралды Қазақстан» кітабын таныстырып, Бозақ қалашығы және оның ғұндармен байланыс жайында кеңінен сөз қозғады.

«Тұран» халықтары құрылтайшысының негізін қалаушы және идеялық шабыттандырушы Андраш Биро Халықаралық түркі академиясының алтын медалімен марапатталды.

Дөңгелек үстел аясында Халықаралық түркі академиясы мен «Мадияр Тұран» қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құрылтай жұмысы екі күнге жалғады.  Онда «Тұран» тарихи аумағын қамтитын халықтардың бай тарихи-мәдени мұрасы ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар