Мажарстанда «Тұран» халықтар құрылтайы өтіп жатыр

None
None
БУГАЦ. ҚазАқпарат - 11 тамыз күні Мажарстанның Бугац қаласында 10-шы халықаралық «Тұран» халықтар құрылтайы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға 30-дан астам ел және халықтардың делегациясы қатысып жатыр. Құрылтайдың ашылу салтанатында ежелгі «Тұран» әскери шеруі өтті.

Мажарстан парламентінің спикері Ласло Кевер құрылтай қатысушыларын ауқымды шараның ашылуымен құттықтады. 
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мінберге шығып, қызықты әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін ұйымдастырушылар алқасына алғыс білдірді. Ол құрылтайға Қазақстан мен Мажарстан арасындағы жыл өткен сайын нығайып келе жатқан тарихи, мәдени және экономикалық байланыстарды ескере отырып, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен келгенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Мажарстанға, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның Астанаға жасаған сапарлары екі ел арасындағы ынтымақтың беки түскенін айғақтайды.

Бердібек Сапарбаев Қазақстанда Түркістан облысының құрылғаны - тарихи туризм базасын құруға кең мүмкіндіктер есігін ашатынын, бұл өз кезегінде, «Тұран» халықтар фестиваліне қатысушыларды ерекше қызықтыратынын тілге тиек етті. Бұдан тыс, әкім Қазақстанда ғұндардың тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының ашылуы туралы айтып, келесі құрылтайды Қазақстанда өткізуді ұсынды. Ал Ақтөбе облысы «Мадияр Тұран» қорына қазақы киіз үйді сыйға тартты.

Құрылтайда жебе тарту жарысы, ұлттық музыка концерті, шаман әндерінің кеші, ғылыми конференциялар өтіп жатыр.
Құрылтай аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айболат Көшкімбаевтар қатысты.

Дөңгелек үстелде Түркі академиясының презентациясы өтіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылып жатқан «Қасиетті Қазақстан» орталығы таныстырылды. 

Дархан Қыдырәлі мажар сарапшылары мен ғалымдарына Шивээт Ұлаан алғашқы түркі храмының орнында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесін ұсынды. Берік Әбдіғалиұлы «Қасиетті Қазақстан» кітабын таныстырып, Астана маңындағы көне Бозок қаласы, оның ғұндармен байланысы туралы айтты.

«Тұран» халықтар құрылтайының негізін қалаушы әрі идеялық дем беруші Андраш Биро Халықаралық түркі академиясының алтын медалімен наградталды. Халықаралық түркі академиясы мен «Мадияр Тұран» қорының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.


Құрылтай екі күнге жалғасады. Онда ұлан-ғайыр жерді алып жатқан тарихи Тұран өлкесін мекендеген халықтардың аса бай мәдени-тарихи мұралары көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар