+7 (701) 759 90 19
USD 426.39 EUR 504.16
RUB 5.87 CNY 66.28
Jańalyqtar

Мажарстанда көшпенділер ойынынан сайыс өтті

2021 жылғы 18 шілде 02:35
Бөлісіңіз:
Мажарстанда көшпенділер ойынынан сайыс өтті

БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Мажарстанда көшпенді халықтардың ұлттық спорт түрлерінен халықаралық сайыс өтті. Оған қатысқандар ат жарыс, жекпе-жек, қашықтан садақ ату, семсерлесу сынды көшпенділер ойындарының 10 түрінен өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарысқа келгендер мажарлардың ұлттық сұңқар ұшыру дәстүрін тамашалап, көшпенді тұрмысқа қатысты фотокөрме, киіз үй жабдықтары мен қару-жарақ түрімен танысты.

Іс-шара «Мажар-Тұран» қоры құрған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Мажарстандағы «Садақшылар жолы» мектебінің ұйымдастырумен өтті. Шараның негізгі мақсаты – көшпенділер мұрасын сақтау әрі оны қайта жаңғырту. Көшпенділер рухы мен спортын дәріптейтін шараның ашылу салтанатында Альбертирша қаласының мэрі Фазекаш Ласло мен «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Биро сөз сөйлеп, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады. Сонымен қатар сайыстың салтанатты ашылуына Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі өкілдері қатысты.


Екі күнге созылған шарада қонақтар назарына көшпенділер үлгісімен сәнделген киіз үйлер, ата-бабаларымыздың өмір салты мен қару-жарақ өнері жайлы көрме ұсынылды. Сондай­-ақ, шара қонақтары көшпенділердің киім кию ерекшелігі, ат әбзел түрлері мен өзге де құрал-жабдықтармен танысыстырылды. Жүйрік аттар мен өркешті түйлере қонақтарды тәнті етті. Бағдарлама аясында көрермендерге құс салу, соғыс өнері мен қару-жарақ түрлері, көкпар тарту, ат спорты төрелігі бойынша қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ, дәстүрлі қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңке ұйымдастырылды.


Іс-шара соңында жеңімпаздарға арнайы кубок, медальдар мен бағалы сыйлықтарды «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Биро табыс етті.


Айта кетейік, 13-15 тамыз күндері Мажарстан астанасы Будапешт маңындағы Бугац қалашығында, «Мажар-Тұран» халықаралық қорының ұйымдастыруымен, дәстүрлі «Бабалар күні» (Ösök Napja) шарасы өтеді. Шараның мақсаты – ерте түркі-ғұн мәдениетін жаңғырту, салаға ғылыми ортаны тарту.


Айта кетерлігі, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынас егемендік алған тұсымызда басталды. Бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайта түсті. Ел астанасы Будапештте мәдени-гуманитарлық бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші бар, Абай оқулары жиі өтеді, Мажарстандағы ҚР Елшілігі жанында «Абай орталығы» жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы мәдени, ғылыми байланыстар арқасында жыл сайын 250 жас қазақстандық білімін Мажарстанда жетілдіру мүмкіндігіне ие.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT