Мажарстанда Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Мажарстанда Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мажар-Тұран» қорының қолдауымен құрылған қауымдастық дәстүрлі спорт түрлерін жүйеге келтіріп, бұқаралық сипат беруді мақсат тұтады. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерімен айналысатын бірлестіктер мен федерациялардың жұмысын кәсіби деңгейге көтеріп, олардың арасында әріптестік байланыс орнату көзделген.

Мажарстандағы Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өкілі Золтан Варганың айтуынша, қауымдастық ұлттық спорттан сайыстар, халықаралық турнир мен Әлем чемпионаттарын ұйымдастырып, түркі халықтары спортына әлем елдерінің қызығушылығын арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар ол ұлттық спорт түрлері арасында көкпардың маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Бұл – Орталық Азияның барлық дерлік елдерінде ерекше орны бар және ХХ ғасырдың ортасына дейін Мажарстанда да ойналып келген көшпенділер ойыны» – дейді ол.

Қауымдастық құрамына 12 спорт түрі бойынша бірлестік еніп отыр. Оның ішінде бүркітші, көкпар, ат үстінен садақ ату, найзаласу, күрес, сауытты әскердің (қарулы) жекпе жегі бойынша спорт бірлестіктері бар.

Бүгінде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Өйткені, этноспорт – әр ұлттың өзіндік ерекшелігін, дәстүрі мен мәдениетін көрсететін құрал.

«Әлемде жүріп жатқан саяси, экономикалық, экологиялық және мәдени процестер аясында, көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүріне жүгініп, тегімізді танып, білудің маңызы зор», – дейді ұйымдастырушылар.

Атап өтейік, қауымдастық биыл Мажарстандағы «Садақшылар жолы» мектебімен бірлесіп, көшпенді халықтардың ұлттық спорт түрлеріне арналған халықаралық чемпионат ұйымдастырды. Спортшылар ат жарыс, жекпе-жек, садақ ату, семсерлесу сынды көшпенділер ойындарының он түрінен өнер көрсетті. Сондай-ақ келушілер мажарлардың сұңқар ұшыру дәстүрін тамашалап, көшпенділер тұрмысы тақырыбындағы фотокөрме, киіз үй жабдықтары мен қару-жарақ түрлерімен танысты.

Мажарстанның Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Түркияның Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен әріптестік қатынас орнатып, қыркүйек айында Еуропа Одағының жастар көшбасшылары мен жастар арасында дәстүрлі спорт ойындары мен адамзаттың мәдени мұрасының дәстүрлерін насихаттау жобасына қатысты.



Соңғы жаңалықтар