Мажарстанда қазақстандық аудармашының еңбегі үздік деп танылды

None
БУДАПЕШ. ҚазАқпарат – Мажарстандағы халықаралық байқауда қазақстандық аудармашы Дәурен Берікқажыұлының еңбегі үздік деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мажар-Тұран қорына сілтеме жасап.

Мажар ақыны Петөфи Шандордың туғанына 200 жыл толуына орай, ақын поэзиясын қазақ, әзербайжан, қырғыз, түрік, түрікмен және өзбек тілдеріне аударуда халықаралық байқау жарияланды. Байқау шарты бойынша, түркі халықтарының ақындары Петөфи Шандордың «Махаббат пен бостандық» атты өлеңі мен өзі таңдаған бір шығармасының аудармасын ұсынуы тиіс.

Халықаралық байқау лауреаттары наурыздың 10-20 аралығында Мажарстан қалаларын аралап, шараның жабылу салтанатына қатысты. Олардың қатарында Дәурен Берікқажыұлы (Қазақстан), Рамиль Эхмед пен Барыш Жавид Мовсумлы (Әзербайжан), Толук Бек Байзақ (Қырғызстан), Дурсун Аян (Түркия), Рустам Мусурмон (Өзбекстан) және Ақмұрат Режебов (Түркіменстан) бар.


Мажарстан Парламентінің вице-спикері Лежак Шандор қонақтарды қарсы алып, оларды мажар халқына таныстыру мақсатында, Парламент ғимаратында баспасөз мәслихатын өткізді. Шарада ақындар өз аудармаларын оқып, әр елде жарық көрген ақынның шығармалар жинақтарын Петөфи әдеби мұражайына табыс етті. Баспасөз мәслихатында сөз алған қазақ ақыны Дәурен Берікқажыұлы, Қадыр Мырза-Әліден кейін Петөфи шығармаларын аудару үлкен жауапкершілік екенін, сонымен қатар мажар мен қазақ халықтарының рухани, мәдени, әдеби мұрасындағы ұқсастықтарға тоқталды. Шара соңында Дәурен Берікқажыұлы Қадыр Мырза-Әлінің «Махаббат пен бостандық» (аударма) кітабын ұйымдастырушыларға табыс етті.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, аударылған шығармалар алдағы уақытта жинақ болып шығарылады. Айта кетейік, әр жеңімпазға 2 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.


Соңғы жаңалықтар