Мажарстанда ең үлкен «Еділ қаған» киіз үйі тігілді

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - «Мажар-Тұран» қорының ұйымдастыруымен Будапешт маңындағы Бугац қалашығында түркі-ғұн мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған дәстүрлі «Бабалар күні» шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараға Мажарстан, Моңғолия, Түркия, Әзербайжан, Украина, Аустрия, Германия, Сербияда тұрып жатқан түркі халықтары қатысты.

«Бабалар күні» ерте түркі-ғұн мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Шараға сондай-ақ Қазақстанның Мажарстандағы елшілігінің өкілдері қатысты. Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Еділ Мырзахановтың айтуынша, жүз мыңнан астам адамның басын қосатын «Бабалар күні» - екі ел арасындағы мәдени, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бауырлас халықтардың бірлігін нығайтуға ықпал етеді.

13-15 тамыз аралығында өткен шарада әлемнің ең үздік садақшылары өнері көрсетіп, ит жүгіртіп, құс салу сынды саятшылық дәстүр дәріптелді. Сондай-ақ ғұн мен авар мұрасын ұсынатын мажар ғалымдарының археологиялық, антропологиялық еңбектері қойылған көрме - әлемдегі ең үлкен киіз үй «Еділ қаған» шатырында орнатылды. Бағдарлама аясындағы дәстүрлі музыка кешінде танымал өнер шеберлерінің орындауындағы түркі халықтарының әуедері шырқалды. Көпшіліктің көңілінен шыққаны – бақсылардың ән-жыры, шаңқобызға арналған композициялар, көмеймен ән айту эпикалық және аспаптық шығармалар.

Сондай-ақ қолөнер жәрмеңкесіне жиналған шеберлер тоқыма матадан, киізден жасалған бұйымдарын, алтын-күміс әшекейлерін, бірегей сувенирлер, ыдыс-аяқ, музыкалық аспап, қару -жарақ түрлерін ұсынды. Шара барысында отбасыларға, балаларға арнайы киіз үй тігіліп, онда жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, қолөнерге баулуға арналған шаралар ұйымдастырылды. Аударыспақ, көкпар тарту, садақ ату жарыстары, қылыштасу, көшпенділер қалашығы, әскери парад, ұлттық киім көрсетілімдері мерекесінің көркін қыздырды.

Атап өтейік, «Бабалар күні» - дәстүрлі фестиваль ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының өз тарихын түгендеп, ана тілі мен төл мәдениетінен қол үзбеуге, отбасылық құндылықты сақтауға, отансүйгіштікке тәрбиелейтін мереке.

«Мажар-Тұран» қорының президенті, антрополог Андраш Бироның айтуынша, «Бабалар күні» шарасы – Карпат қойнауындағы мажарлардың ынтымақтастығының көрсеткіші ғана емес, көшпелі ғұндар мен түркі текті жұрттардың бүгінгі мұрагерлерінің ортақ мерекесіне айналды.

«Әуелгі мақсатымыз – жоғары деңгейдегі, кешенді іс-шараны дүниеге әкелу, сол арқылы бабаларымызға құрмет көрсетіп, олардың мұраға қалған үлгі-өнегені дәріптеу болатын. Сол мақсат бүгінде орындалып келеді», – дейді Андраш Биро.

Еске сала кетсек, шілдеде Мажарстанда көшпенді халықтардың ұлттық спорт түрлерінен халықаралық сайыс өткен болатын.



Соңғы жаңалықтар