+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

Мажарстанда Абайдың тағы бір мүсіні ашылды

2021 жылғы 28 тамыз 21:33
Бөлісіңіз:
Мажарстанда Абайдың тағы бір мүсіні ашылды

БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мажарстанның Мемлекеттік жиналысы спикерінің орынбасары Шандор Лежактың қолдауымен Лакителек халық институтында қазақ ақыны және ағартушысы Абай мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Мажарстанның саяси қайраткерлері, академиялық және қоғамдық топтарының өкілдері қатысты.

Рәсім барысында Ш. Лежак көрнекті ақын және ойшыл Абайдың шығармашылық мұрасы батыс және шығыс мәдениетін рухани байланыстыратынын атап өтті.

Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Михай Варга Мажарстан Үкіметі «Шығысқа терезе» сыртқы саяси стратегиясы шеңберінде ғылыми-мәдени мұра саласындағы екі ел арасындағы қатынастарын дамытуды жалғастыратынын атап өтті.

Қазақстан Елшісі Жәнібек Әбдірашов Абайдың еңбектері елдер мен халықтардың жақындасуына септігін тигізетінін, ал оның рухани мұрасы арқылы мажар жастары қазақ даласының мәдениетімен таныса алатынын атап өтті.


Іс-шара аясында мажар студенттері Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Өлең - сөздің патшасы» шығармаларын мажар және қазақ тілдерінде орындады.

Сонымен бірге елшінің қазақ тілі мен Қазақстан мәдениетін оқып жатқан мажар студенттерімен кездесуі өтті.

Абай мүсіні Мажарстанның рухани орталықтарының бірі саналатын Лакителек халық институтының бағында орнатылған.

Қазіргі уақытта институт әлемдік тілдер мен мәдениеттерді зерттеуге арналған бірегей жоба құрды, мажар жастары арасында кеңінен танымал болды.

Қазақстан, Ресей, Беларусь және Моңғолиядан келген жетекші шетелдік ғалымдардың, лингвистердің, мәдениеттанушылардың және басқа да мамандардың осы елдердің мәдениеті мен тарихын зерделеу бойынша студенттерге арналған оқыту іс-шараларын өткізу жөніндегі жобаға қатысуы ықпал етеді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT