Майра Амантаева: Тамыз конференциясында ұстаздарға қатысты өзекті мәселелер айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы тамыз конференциясында білім саласындағы біраз мәселенің шешімі табылғандай болды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы Майра Амантаева тамыз кеңесіне қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жолғы Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі келіп, білім саласына қатысты өзекті мәселелерді қозғап, пікірін айтқанына қуанып қалдық. Мемлекет басшысының айтуынша, білім саласы – елдегі жетекші саланың бірі болуы керек. Өте орынды пікір деп айтар едім. Білім және ғылым саласында қордаланып қалған мәселелерге терең талдау жүргізе отырып, Үкіметке, әкімдіктерге нақты тапсырмаларды берді. Әсіресе, Президенттің өз аузымен мұғалімдерді міндетінен тыс жұмыстарға араластырмау туралы ескертпесі ұстаздардың көкейіндегі ойды дөп басты», - деді Майра Амантаева ҚазАқпарат тілшісіне.

Одақ төрайымының айтуына қарағанда, мұғалімдердің еңбекақысының екі есеге өсуі – білім саласындағы мықты мамандарды сақтап қалуға септігін тигізері анық.

«Білім саласының мәселелеріне келгенде билік тарапы елдің пікіріне әбден құлақ асқаны байқалады. Яғни, тікелей мұғалімдердің мәселелерін шешетіндей бастамалар көтеріліп, жауапты мекемелерге тиісті тапсырма берілді. Ел Президентінің өзі айтып тұрғаннан кейін – жауаптылар қалай орындамайды!? Ал біздің кәсіподақ Президент тапсырмаларының орындалуына мұрындық болары анық. Байқағаныңыздай, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те көптің көкейінде жүрген мәселелерді атап кетті. Үш тілділікке байланысты ұстанымның өзі ретке келгендей болды. Негізгі тіл – ана тіліміз, яғни қазақ тілі болуы керек. Кәсіподақ жыл бойы білім саласына қатысты мәселелерді көтерген болатын. Соның біразы бүгін шешілгендей болды. Енді соның орындалуына көмектесетін боламыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысы өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар