Майнұр Бөрібаева: Мемлекеттік қызметкер Ассамблея принциптеріне де берік болуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясы елордадағы Назарбаев орталығында өтеді деп жоспарланған. Биылғы сессияның тақырыбы «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» ретінде күн тәртібі белгіленген болатын. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Майнұр Әбілтайқызы Бөрібаевамен сұхбаттасқан едік.

- Майнұр Әбілтайқызы, кез келген қоғам үшін бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызы зор екені белгілі. Ал Қазақстанда осы бағытты нығайта түсу үшін Ассамблея қандай істер атқаруы қажет деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, бұл біріншіден, Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған практикалық (қолданбалы) жұмыстар болуы керек. Мысалы, түрлі қайрымдылық іс-шараларын, білім беру семинарлары, тренингтер мен имидждік мәселелер болуы мүмкін. Ассамблея негізінен осы мәселелердің барлығымен айналысады. Осындай жұмыстың тоқтамауы, үздіксіз болуы маңызды. Бұған мемлекеттік органдардың қолдауы өте қажет екенін де еске салғым келеді. Мемлекеттік қызметкерлер күнделікті өз жұмысында Ассамблеяның принциптерін ұстанып, халыққа қандайда болмасын қызмет көрсеткен жағдайда адамның ұлтына, тіліне, дініне қарамай жоғары құзыреттілікпен жауап беруі тиіс. Ал қызметке тағайындаған жағдайда кәсіби тәжірибесіне, біліміне қараса, ондай қызметші елдің одан әрі өркендеуіне де көп күш сіңіреді деп ойлаймын.

Екіншіден, әлеуметтік шиеленісті, этносаралық қақтығыстарды, белгілі бір этностардағы тілдік, діни және азаматтық бірегейлікке қатысты мәселелерді анықтауға бағытталған теориялық (іргелі) зерттеулер болуы керек. Бұл – өте жауапты, күрделі мәселе. Әлбетте ондай бағытта жүргізілген зерттеулер қоғамға көрінбеуі де мүмкін, алайда бірақ елдің тұрақты дамуы үшін бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан ғылыми-сараптамалық жұмысты тоқтатпай осы салада зерттеулер жүргізетін мықты ғалымдарды шақырып, аймақтарды, ел ішін аралап, әлеуметтік сауалнама жасай алатын, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныс бере алатын мамандарды тарту керек. Қазіргі таңда ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінде әр түрлі салада қызмет жасап, зерттеулер жүргізіп жатқан ғылыми дәрежелері бар ғалымдар қызмет етеді. Әрине, олар өз елін, туған жерін сүйетін азаматтар, нағыз патриоттар. Бірақ ғылыми-сарапшылық кеңестегі олардың мүшелігі қоғамдық жұмыс болып есептеледі, сондықтан жүйелі түрде зерттеу жүргізіп, қоғамдағы өзгерістерді байқап отыруға кейде уақыттары да бола бермейді. Мүмкін сол үшін де кейде әр түрлі жағдайлардың алдын алуға, оларды болжауға Ассамблеяның мүмкіндігі болмай жататын шығар. Осы жағынан ғылыми-сарапшылық кеңеске қаржылай қолдау жасап, нақты мақсат қойып, оны мерзімі келгенде сұрап, талдап, соған орай шаралар қабылдап отырса жақсы нәтиже болатын еді. Бұлай деуіме себеп: жалпы Қазақстанда ғылыми зерттеу институттары мен орталықтары жобалардың гранттық қаржыландырылуына байланған немесе мемлекеттік органдардың тапсырысы бойынша зерттеу жүргізіп отырған ұйымдар. Яғни, егер ол институттар грант ұтпаса, мемлекеттік тапсырыс болмай қалса, онда өздері айналысып жүрген мәселені ауқымды зерттеуге кедергі болып, өңірлерге іс-сапарға да бара алмай қалады. Осы жағынан алғанда, Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржыны арттырса деген тілегім бар.

- Сіз тіл маманы ретінде көпұлтты, көпконфессиялы мемлекетте мемлекеттік тілдің дамуы, болашақта қолданылу аясы қандай деңгейде болатынын болжай аласыз ба?

- Тіл маманы ретінде айтар болсам, әрине қоғам арасында мемлекеттік тілдің қолданысы дамып келе жатқаны бірден көзге түседі. Мемлекеттік тіл саясатының жақсы нәтижелерін де көріп жүрміз. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, емханаларға, ауруханаларға, көлік тасымалдау үйымдарының қызметкерлеріне қарасаңыз барлығы мемлекеттік тілде бастайды жұмысын. Сонымен қатар күнделікті оқытушы ретінде жастармен жұмыс істеп жүрген соң байқайтыным, қазақ тілінде сөйлегенді қалайтын жастардың саны артып жатыр. Жоғары оқу орындарына келіп жатқан жаңа студенттердің басым көпшілігі де қазақ тілінде білім алуға ұмтылады. Егер басқа елдердің тілдік саясатымен еліміздің тіл саясатын салыстырып қарастырсақ, Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту саясаты агрессивті емес, рет-ретімен жоспарланған, сындарлы, демократияланған деп айтуға болады. Әрине, халық аяқ астынан жүз пайыз мемлекеттік тілде сөйлеп кетпейді ғой, бірақ қазіргі қолданылу аясы мен деңгейіне қарасам жақындағы 5 жылдан кейін мемелекеттік тілді білмейтін азамат болмайтынын болжауға болады.

- Президент сәуірдің 28-інде Қазақстан халқы Ассамблеясының 29 сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы сессиядан не күтесіз?

- Алда өтетін Ассамблеяның XXIX сессиясынан халқымыздың денсаулығын жақсартатын, аналардың қаржылық қауіпсіздігін, экономикалық тұрақтылықты нығайтатын ұсыныстарды күтемін.

- Қазақстандағы этносаясаттың бүгінгі беталысына қандай баға берер едіңіз?

- Қазақстандағы этносаясаттың бүгінгі жағдайы өте жоғары деңгейде. Бұны шет елдің саясаткерлерінің пікірінен, олардың ҚХА институтына деген қызығушылығынан да көруге болады. Жалпы Қазақстанда тең құқықтар мен бірдей мүмкіндіктер барлық азаматтың еншісінде бар. Әркім өз қабілетіне, біліктілігіне қарай түрлі дәрежеге, лауазымға ие болып жүр. Мемлекеттік қызметкерлердің арасында, басшылық лауазымда жүрген азаматтардың арасында қазақ емес, басқа ұлттың өкілдерінің де соның айғағы. Бұл мемлекет саясаттың дұрыс бағытта келе жатқандығын көрсетеді. Ассамблеяның негізгі ұстанымдарының бірі болып табылатын «тең құқықтар – тең мүмкіндіктер» қағидаты да іске асып жатқандығын көрсетеді.

- Ұлт пен ұлыс ұйытқысы - ҚХА негізінде Қазақтану үрдісі ұтымды болуы үшін не істеу керек?

Не істеу керек екендігі барлығымызға белгілі деп ойлаймын. Біріншіден, әрбір азамат елімізді сүйіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап, Қазақстанда болып жатқан үрдістерге жанашыр болу керек. Бүгінгі құндылықтарымызды жоғалтып алмай, оны болашақ ұрпаққа аманат етуге тиіспіз. Екіншіден, Қазақтану үрдісі ұтымды болу үшін әсіресе шетелдерде Қазақстанды көбірек дәріптеу керек. Егер шет елдердің азаматы біздің елге білім алуға ұмтылса, белгілі бір саладағы тәжірибемізді көруге ұмтылса, мәдениетімізбен танысуға асықса, киелі жерлерімізді көруді алдына мақсат етсе – міне нағыз Қазақтану деп осыны айтуға болады!

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар