Майнинг фермалары энергетика тапшылығын тудыруы мүмкін бе – министрдің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев елдегі майнинг фермаларының қанша электр энергиясын тұтынып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың ел алдындағы есептік кездесуін қорытындылаған брифингіде криптовалюта өндіретін майниинг фермалары тұтынып отырған электр энергиясы туралы сауал қойылды.

«Бүгінгі таңда біздің қолымыздағы ақпарат бойынша Қазақстан аумағында 17 майнинг фермасы тіркелген. Олар 540 МВт электр нергиясын тұтынып отыр. Біздің талап етуіміз бойынша Салық кодексіне өзгеріс енгізілген болатын. Ол өзгеріс бойынша электр энергиясын тұтынатын майнинг фермалары тұтынғаны 1 КВт/сағ электр қуаты үшін 1 теңге салық төлеуі керек», - деді министр.

Нұрлан Ноғаев майнинг фермалары халық тұтынатын электр қуатына ортақтаса алмайтынын баса айтты.

«Салық салу мәселесін тәртіпке келтіруіміз бұған дейін бізге белгісіз болған, жасырын фермалардың жарыққа шығуына түрткі болады деп есептейміз. Қоғам арасында майнинг өндірісіне жұмсалатын электр басқа санаттарда тапшылық туғызуы мүмкін деген түсінік бар. Олай емес. Электр энергетикасы туралы заң бойынша, бірінші кезекте елдің ішін электр қуатымен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Оның ішінде халық пен кәсіпорындар бірінші кезекте қамтылуы керек», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар