Майнинг фермалар «Astana hub» арқылы 8,5 млрд теңгенің жеңілдігін алған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бес бірдей майнинг ферма «Astana hub» орталығы арқылы 8,5 млрд теңгенің жеңілдігін алған. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу бөлімінің басшысы Ақылбай Ыбыраев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есеп комиеттінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аралық бағалауы талқыланып жатыр.

Комитет өкілі Ақылбай Ыбыраев шара алдында БАҚ өкілдеріне аталған бағдарлама бойынша жіберілген кемшіліктердің кейбірі туралы мәлімет берді.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік бағдарлама арқылы игерілген қаржыға қажетті деңгейде қабылдау мен мониторинг жүргізбеген. Оның үстіне талдау формалды түрде жүргізілген. Сондықтан көптеген шаралардың тиімділігін әділетті бағалау мүмкін емес. Мысалы, аудит кезінде ведомствоға бағынышты «Astana hub» ұйымының базасында негізінен криптовалюта майнингімен айналысқан инвестициялық жобаларды анықтадық. Бұл халықаралық ІТ-технологиялық парктің негізгі мақсаты мен міндетіне кірмейді», - деді комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, аталған инвестициялық жобаларды 5 компания іске асырған.

«5 ұйымның біреуі ғана майнинг ферма ретінде тіркелген. Қалғаны стартап-компания ретінде тіркелген. Олардың бәрі «Astana hub» ұйымының базасында 8,5 млрд теңгенің преференцияларын алған. Оның ішінде салық жеңілдіктері, кеңсе жалдау сияқты басқа да стартап жобаларға берілетін қолдауға ие болған. Қолданыстағы заңнама бойынша олардың бұл әрекетін заңсыз деп айтуға келмейді. Заңнаманың ескерусіз қалған тұсын пайдаланған деуге болады. Сондықтан біз бүгін осы олқылықты реттейтін заңнамалық өзгеріс енгізу мәселесін ұсынып отырмыз. Бүгінгі шара қорытындысы бойынша біржақты шешімге келеміз деп ойлаймын», - деді Ақылбай Ыбыраев.

Ал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақинның айтуына қарағанда, бұл жерде қаржы желге ұшты деп айтуға келмейді.

«Қандайда бір қаржы желге ұшты деген мәселе тұрған жоқ. Олар да экономиканың субьектісі ретінде, ІТ-компания ретінде «Astana hub» ұйымының базасында тіркеле алады. Қазір бұл мәселені шешу үшін тіркелу ережесіне өзгеріс енгізіп жатырмыз.

«Astana hub» ұйымының кез келген резиденті салық, кеңсе жалдау және өзге де мәселелер бойынша жеңілдіктер ала алады», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар