«Маймыл шешегі ауруынан 271 млн адам өледі» - ақпарат фейк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интернет-пайдаланушылар маймыл шешегі ауруының таралу сценарийі жазылған құжатпен бөлісуде. Онда келесі жылы инфекция салдарынан әлем бойынша 271 млн адам көз жұмады. Stopfake.kz сайтының жазуынша, бұл ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Іс жүзінде таратылған құжат 2021 жылы «Ядролық қауіпті азайту бастамасы» (NTI) ұйымдары мен Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы өткізген оқу-жаттығулар туралы есептің бір беті болып табылады.

Маймыл шешегі ауруы туралы жазылғанына қарамастан, бұл сценарий толығымен ойдан шығарылған. Онда Бриния мен Арника сияқты ойдан шығарылған елдер мен оқиғалар жайлы айтылған. Зардап шеккендердің саны мен аурудың даму қарқыны да негізсіз және сценарийде симуляцияны анағұрлым шындыққа ұқсас етіп көрсету үшін жазылған», - делінген сайтта.

Дегенмен, аталған құжат конспирология жақтаушылары арасында кеңінен талқыланған. Олардың кейбірінің пікірінше, құжат маймыл шешегі ауруы алдын ала жоспарланғанын дәлелдейді. Бұл теорияны Bloomberg порталы жоққа шығарды.

Биофизика докторы және ядролық қауіпті азайту бастамасының вице-президенті Хайме Ясиф өткен жылғы оқу-жаттығулар толығымен ойдан шығарылған сценарий бойынша өткізілгенін және аурудың нақты өршуіне «дайындық» болмағанын айтқан.

«Ойдан шығарылған сценарийді NTI жазды. Мақсат – COVID-19 сияқты ықтимал пандемиялардың алдын алуға және оларға жақсы ден қоюға мүмкіндік беретін қажетті шараларды талқылау. Жаттығу мақсаттары үшін біз ойдан шығарылған сценариймен байланысты қоздырғышты таңдадық. Сондықтан басқаларының арасынан маймыл шешегі ауруын таңдадық», – деді ол.

Демек, таратылған құжат аурудың нақты өршуінің сценарийі емес. Бұл ойдан шығарылған оқиғаларға негізделген оқу-жаттығулар туралы есептің бір беті ғана.



Соңғы жаңалықтар