Майки Гарсия атағы жер жарған Мэнни Пакьяомен айқасатын күнді жария етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төрт салмақ дивизионының бұрынғы жеңімпазы, жартылай орта салмақтағы (66,7 келіге дейін) америкалық Майки Гарсия (40-1, 30 КО) бокс тарихындағы сегіз салмақ дивизионын бағындырған жалғыз жеңімпаз, аты аңызға айналған филиппиндік Мэнни Пакьяомен (62-7-2, 39 КО) жекпе-жек өткізуге келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Америкалықтың айтуынша, жекпе-жек мамыр айында өтеді. Ол Джо Анкьерге бұл туралы: «Қазір біз келісімді түпкілікті аяқтауға жақын қалдық. Өтетін күні мен орны туралы алдағы екі күнде шешеміз деп үміттенеміз. Барлығын мамыр айында ұйымдастыруға тырысудамыз. Біз бұл жекпе-жекке жету үшін ұзақ уақыт жұмыс істедік, келіссөздер бірнеше жыл бойы үзілістермен жүрді. Өткен жылы біз барлығын нақтылап келіскен болатынбыз, бірақ содан кейін пандемия басталды. Енді, соңғы апталарда біз өте жақынбыз. Біз келісімшарттың соңғы сатыларындамыз», - деді.

«Мен өте қуаныштымын. Менің ойымша, бұл жекпе-жек мен үшін және менің мансабым үшін, сондай-ақ жанкүйерлерім үшін өте маңызды. Шаршы алаңға аңызға айналған Пакьяомен шығу керемет», - дейді Гарсия.

Жақында WBA «супер чемпионы» Пакьяо боксшының белсенділігінің төмендігіне байланысты «демалыстағы чемпиондар» қатарына ауыстырылды. Ол спорттық мансабын саяси мансаппен біріктіруде. Ол – Филиппинде сенатор, президенттікке үміткер.


Соңғы жаңалықтар