Майқарағай ормандарында санитарлық ағаш кесуге уақытша тыйым салу ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еліміздің орманды жерлеріне иелік етіп отырғандар және осы санаттағы жерлерді жалға алғандар санитарлық ағаш кесуді пайда табудың көзіне айналдырды. Олар қураған, шіріген және ауру ағаштарды кесіп, санитарлық шараларды өткізудің орнына сап-сау ағаштарды жапырып жатады. Соның салдарынан қазақтың мыңдаған текше метрлік орманы қаңыраған қу далаға айналып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлер мораторий кезінде осындай бір қулықты тауып алды. Оларға бәрін ресми түрде істегенше, санитарлық кесу арқылы «деловой» ағашты жинап алған жеңіл. Ал «санитарлық кесу» деген не? Бұл қураған және ауру ағаштарды кесіп тастау деген сөзді білдіреді. Алайда орман пайдаланушылары олай істеп жатқан жоқ. Оларға орманның ішіне кіріп, ауру ағаштарды кескенше шетінен сау ағаштарды алып кеткен тиімді болып тұр», - дейді ҚР АШМ жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Серік Тұрымбаев.

Бүгінде санитарлық кесу саласындағы заңсыз әрекеттердің басым бөлігі майқарағай өсетін аймақтарда болып жатады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрілігі Шығыс Қазақстан облысының майқарағай аймақтарында санитарлық ағаш кесуге уақытша тыйым салуды ұсынып отыр. Осы іспетті шектеуді еліміздің басқа да облыстарында енгізуді көздейді. Себебі санитарлық ағаш кесудің көлемі жыл сайын өсіп келеді. Ал тұтыну көлемі көп өзгеріп жатқан жоқ. Осының өзі санитарлық кесу жүйесін ақша табудың бір көзі ретінде пайдаланып жатқанын анық көрсетсе керек. Қазіргі жағдай жалғаса берсе, еліміздің майқарағай ормандары тақырға айналуы әбден мүмкін.

Майқарағай аймақтарында санитарлық ағаш кесуге тыйым салынса да, ағаштың басқа түрлері бойынша шектеу болмайды. Осы орайда министрлік қылқан жапырақты ағаштар шаруашылығына басымдық беруді көздейді. Бұндай өзгерістер кәсіпкерлік ортаға ешқандай қиындық туғызбауы тиіс. Ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін өткен келіссөздер кезінде орман иеленушілері мен пайдаланушылары қазіргі бастамаға қарсылық білдірген жоқ. Дегенмен, оны іске асыру үшін заң жүзінде бекітіп алуқажет. Ол үшін министрлік арнайы заң жобасын Мәжіліс пен Сенат талқылауларынан өткізуі тиіс.     

 

Соңғы жаңалықтар