«Майқапшағайда» саудагерлерден пара алып келген кеденшілерге сот үкімі шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Майқапшағай» кеден бекетінің қылмыстық тобына сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті құрамында «Майқапшағай» кеден бекетінің бас маманы Н.Қабышев, брокерлер З.Жантемірова мен М.Айдарханов кірген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын ерте аяқтады. Аталған тұлғалар Қазақстанға Қытайдан жеткізілетін халық тұтынатын тауарлар жүгін жедел әрі кедергісіз рәсімдеу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан жүйелі түрде пара алып отырған», - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар, аталған қылмыстық істі тергеу аясында Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің офицері Е.Зидановтың жалпы қамқорлығы үшін жеке кәсіпкерлерден пара алғаны анықталған.

«2019 жылғы 28 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Н.Қабышев 8 жылға, З. Жантемірова 6 жылға және М.Айдарханов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Е.Зидановқа 6,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды», - делінген таратылған ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар