Майданнан елге жеті жылдан кейін оралдым – Лев Дорофеев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Майданнан елге жеті жыл бес айдан кейін оралдым. Бұл туралы батысқазақстандық майдангер Лев Дорофеев етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лев Иванович 1926 жылы 1 тамызда Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданында дүниеге келген.

Өзінің айтуынша, 1943 жылы әскерге шақырылып, Башқұртстанның Белибей қаласында байланысшылар дайындайтын бөлімде шеберлігін жетілдіреді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыста байланысшы болуы тегін емес, тіпті қаннан берілген деп айтуға болады. Өйткені әкесі, 1895 жылы дүниеге келген Иван Дорофеев Орал қаласында байланыс саласында қызмет атқарған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ тілінде еркін сөйлейтін оны Жымпиты, Қаратөбе аудандарында пошта, радио байланысын қалпына келтіруге жібереді.

«Өз қызметін адал атқаратын ол арақты татып алмайтын.

Соны күндеген тентектер оның аузына зорлап арақ құйып, содан ұшынды ма, ауру тауып, 1928 жылы өмірден ерте кетіп қалды. Апам Наталья екеумізді анамыз Лидия Феоктистовна мәпелеп өсірді. Тіс дәрігері мамандығын алған апам Қостанайда жүрген жерінен әскерге сұранып, ол да майданға кетті. Батыс Моңғолия жақта болып, елге аман-есен оралып, 84 жасында дүниеден озды», дейді Лев Дорофеев.

Майдангер 1944 жылы 1 тамызда дәл он сегіз жасқа толған күні алғашқы шайқасқа қатысады. Осы айқаста ауыр жарақат алған жауынгер төрт ай емделіп, қатарға қайта қосылады.

Әуелі Беларусь жерінде болған ол І Прибалтика майданы 879-атқыштар полкіне жіберіледі. Полк құрамында Латвия, Литва жерін жаудан азат ету ұрыстарына қатысады.

Қандыкөйлек жолдасы Николай Бондаренко (ол да Жымпитыдан) екеуіне рота мен батальон командирлері арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ету тапсырылады. Латвия жерінде оң жамбасынан ауыр жарақат

алып, аяғынан айырылу қаупі туады. Дегенмен госпитальда емделіп шығады.

Жеңісті Шығыс Пруссияда, Балтық теңізі жағалауында қарсы алған Л.Дорофеев соғыс кезінде екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. «Жаралы болып, госпитальға түскендіктен болар, медальдің біреуі уақтылы қолыма тимеді. Жетпіс жылдан кейін балам интернет арқылы тапты», дейді ол.

Соғыс біткеннен кейін Моңғолияға жіберіліп, одан кейін бес жылдай Қытайдағы Порт-Артурда қызмет етеді.

1950 жылы әуелі анасы мен апасы тұратын Ресейдің Ульянов облысына барып, комбайншы ретінде еңбек етеді. Анасы «Балам, елге қайтайық» дегеннен кейін туған жері Жымпитыға оралып, кәсіптік-техникалық училищеде механизатор, өндірістік оқыту шебері, кеңшарда слесарь болады.

«Біздің әулеттің ерекшелігі, бәрі де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өзім қазақ балаларына ана тілінде сабақ бердім.

Жұбайым Алла Яковлевна қазіргі Қазталов ауданы Ақпәтер ауылынан еді, өмір бойы мектепте ұстаздық етті. Қайтыс болғанына жеті жыл болды. Ұлдарым Юрий мен Сергей қазақ тілінде оқыды. Сергей жұмыс жағдайына байланысты

Ресейдің Сургут қаласында тұрады. Қызым Елена Мәскеуде жиырма жылдан астам уақыт бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Теректі ауданы Ақжайық ауылында тұратын Юрийдің алты баласы бар. Федоров ауылында тұратын немерем Олегтің жұбайы қазақ, есімі Самал. Бір немерем Таня М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде оқиды. Оған әзілдеп, «Қазақ жігітіне тұрмысқа шығасың ба?» десем, «Несі бар, иә» дейді, бұйырғаны болар. Бір немерем Юра өрт сөндіруші, шекарашы болуға ниеттеніп жүр. Қалада пәтеріміз болғанымен, Ақжайық ауылына жеткенше асығып тұрамын.

Ең бастысы, бейбітшілікке жететін ештеңе жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Мына індеттен тезірек құтылуға жазсын халқымызды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Лев Дорофеев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын көпірден секірген әйелді құтқарған оралдық әскери қызметшінің медальмен марапатталғанын, Бақыт Алазовтың тәртіп пен тәрбие әскери қызметтің қос қанаты іспеттес екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қатардағы жауынгер ұлты өзбек болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатынын жария етті.





Соңғы жаңалықтар