Майдандағы дәрігерлер өз антына адал жандар еді - ҰОС ардагері Қ.Бақбергенов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта ҰОС және еңбек ардагерлерін марапаттау шарасы өтті. Салтанатты шараға шақырылған ардагер Құрмантай Бақбергенов өзінің жанын сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға дене ыстық ілтипатын жеткізді.

«Мені Катюша деген нәзік медбике ауыр жараланған жерімнен санитарлық бөлімшеге дейін 3 шақырым жер көтеріп барды. Олар майданда нағыз құтқарушы болды. Міне, олардың отанға деген сүйіспеншілігі, әр адамды сақтап қалудағы жанкештілігі ерекше болатын. Сол үшін күн-түн демей еңбек ететін. Сіздер де сол игі істің лайықты жалғастырушысы болып отырсыздар. Сызғанов атындағы орталық күрделі операциялар жасап, әлемге әйгілі болып отыр. Мұнда жоғары білімді мамандар шоғырландырылған. Сіздерге көрсетіп жатқан құрметтеріңіз үшін мың алғыс», - деді ардагер.

Орталық басшылығы шақырылған ҰОС ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне бағалы сыйлықтар ұсынып, әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау көрсетті.

«Бүгінгі шара бізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Біз Отан қорғаған азаматтарға үлкен құрметпен қараймыз. Олардың саны жылдан-жылға азайып келеді. Сондықтан, олар туралы жас ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатпен ұйымдастырып жатырмыз. Материалды, ақшалай көмектен бөлек, үй шаруасына болмаса денсаулығына қатысты көмек қажет болса үнемі тегін қол ұшын беруге әзірміз», - деді ғылыми орталықтың бас директорының орынбасары Сәбит Пазылов.

Салтанатты шара қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар