Майданда мұз жастанып, қар жамылсақ та, ар-намысымызды жоғалтпадық – Рабиға Зайнуллина

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толғалы отыр. Майданның алғы шебінде Отан үшін айқасқан қыздар аз болған жоқ. Солардың бірі, Тасқала ауданында тұратын, 97 жастағы Рабиға Зайнуллина ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, елге соғыс салған ауыртпалық аз болған жоқ.

Ата-бабасы Қазанда тұрған, дін жолын ұстанған жандар еді. Тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген өз әкесі Закир Шафиев ілкіде Орал қаласында татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың қасында жұмыс істеген. Ақын түнімен өлең жазатын болған. Сол кезде Закир малай (татарлар баланы малай дейді) ретінде оның қағаздарын жинастырып, көмектесіп жүрген. Кейін Тасқала ауданы Екінші Шежін ауылында байлардың балаларын оқытқан білімді кісі еді. Осында башқұрт қызы Зүбәржат Молдағалиеваға үйленіп, содан 1923 жылы Рабиға дүниеге келеді.

Рабиғаның қызы Роза Ізімқызының сөзіне қарағанда, әкесі Ізім Зайнуллиннің де тағдыры оңай болмаған. 1915 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген ол анасы Балжан жарынан ерте айырылып, бес баламен қалғанда, үйдегілердің бас көтерер үлкені еді. Кейін елден жаман ауру шығып, одан аман қалған отбасы өткен ғасырдың отызыншы жылдары Тасқала жеріне көшіп келеді. Чебаков ауылына тұрақтаған Ізім 1940 жылы Рабиғаға үйленеді. Бұл кезде Рабиға Камен (қазір Тасқала) ауылынан тоғызыншы сыныпты бітіріп келіп, «Ленин жолы» колхозында есепші қызметін атқарып жүрген.

Соғысқа дейін-ақ әскер қатарында болған Ізім Зайнуллин 1941 жылы бірден майданға аттанады. Інісі Шүкірзада да алынып, ақыры хабар-ошарсыз кетті.

Жас жұбайлар бір-бірімен хат алысып тұрды. Неміс фашистері басып алған жерлерден эвакуацияланған халық ағылып келіп жатты. Қазақтарға сығылысып, оларды өз үйлеріне тұрғызуына тура келді. Пешпен бөлінген үйде қай бір күй болсын. Міне, сол кезде бір хатында Ізім жарына әкеңнің үйіне барып тұр деп рұқсатын берді.

-Бастапқыда соғысқа барамын деген ой менде бола қойған жоқ. Бәріне намыс түрткі болды. Мен үйдегі үш қыздың үлкені едім, інім кішкентай, 11 жаста ғана. Бірде көрші үйге «қара қағаз» келіп, көңіл айтуға бардық. Қайғы жамылып, күйінген адам не айтпайды. Сондағы әйелдің анама: «Сіздің жылайтындай, майданға баратын ұлыңыз жоқ қой» дегені маған ауыр тиді. Ақыры ешкімге тіс жармай, әскери комиссариатқа барып, өз еркіммен арыз бердім. Осылай майданға аттандым, - дейді Рабиға Зайнуллина.

Гурьев (Атырау) қаласындағы қысқа мерзімді медициналық курсты бітіргеннен кейін орыс қыздарымен бірге Астрахан арқылы Сталинград майданына жіберіледі.

-Небір қиындықты көрдік қой. Майданға жеткенше, жаяу жүрдік. Қарды үңгіп қазып, сонда қыстауға тура келді. Талай жаралы алдымыздан өтті. Опат болғандары қаншама! – дейді майдангер.

Кейін тағы да оқып, зенитшілер бөлімінің пулеметшісі болған ол Украина майданына ауысып, Керчь бұғазындағы кескілескен ұрыстарға да қатысады. Төменнен бұлар аспандағы неміс фашистерінің ұшақтарына оқ жаудыратын. Ал аспанда Совет Одағының Батыры Марина Раскова басшылық еткен атақты ұшқыш қыздар әуе полкының (оның құрамында Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың болғаны белгілі) ПО-2 түнгі ұшақтары жаумен айқасып жататын.

Сондай шайқастардың бірінде ауыр жараланған Рабиға госпитальда емделіп шыққаннан кейін комендатураға жолығып, өз бөліміне жеткісі келгенімен, ол ұзап кеткен екен. Содан кейін 414-Қызыл тулы грузин Анапа атқыштар дивизиясының құрамында байланысшы қызметін адал атқарып, соғысты 1945 жылы Симфереполь қаласында аяқтады.

«Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған майдангер қанқұйлы соғыс салған лаңды көп айта бермейді.

«Ең бастысы, бізді жауды жеңеміз, елге аман ораламыз деген сенім алға жетеледі. Жан жарымды да жиі ойлап, қайта қауышатынымызға сенімді болдым. Талай сұмдықты көрдік, оның қайсыбірін айтасың. Әйтеуір мұз жастанып, қар жамылсақ та, ар-намысымызды жоғалтқан жоқпыз. Ар-намыс дегеннен шығады, бөлімдегі жалғыз мұсылман қызы мен болдым. Соны ұмытпай, доңыз еті қосылған тағамдарды басқасына ауыстырып алатын едім. Командирлеріміз де біздерді сұқ көзден қорғап жүрді», дейді бүгінде құрмет төрінде отырған «Құрмет» орденінің иегері.

Қиыр Шығыстан 1946 жылы аман оралған Ізім Зайнуллин де соғыстан шатқаяқтаған шаруашылықты қалпына келтіруге жан аямай кіріседі.

«Әкеміз дамыл тапқан жоқ, әр жерде шаруашылық басқарды. Соған орай шанамен көшіп жүретініміз есімде. Соғыстағы құжаттары өртеніп кетті. Біреулер күдіктенгесін, кейін Подольскідегі архивке хабарласып, өзі реттеп алды. Ол да «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған екен. 1982 жылы өмірден озды. Қазір анаммен бірге тұрамын, төрт бала едік, қазір Тойған сіңліміз екеуміз ғанамыз. Соғыстан алған контузияның салдары болар, анамның құлағы естіріңкімейді. Күнде еліміздің тыныштығын тілеп отырады», деді қос майдангердің қызы Роза Ізімқызы.


Соңғы жаңалықтар