Мая Шығаева - ғылым мен жеңістің аңыз адамы - академик Нәдір Нәдіров

None
None
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА және ҚР ЖМА академигі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Мая Хежетдинқызы Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойына арналған шара өтті.

Салтанатты шараға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, академик Нәдір Нәдіров және басқа да профессорлар мен биология саласының ғалымдары және ҚазҰУ-нің ұжымы қатысты.

Ғалымды мерейтоймен құттықтаған Ғ.Мұтанов: «Мая Хежетдинқызы үлкен білім мен ғылымның иесі, қазақстандық ғылымның мақтанышы. Сіздің еңбегіңіз барлығымызға өнеге. Сіздің бойыңыз ұстаздық және адами жақсы қасиеттерге толы. Қашанда қара шаңырақпен байланысыңыз үзілмей келеді. Бұл университет ұжымына зор мақтаныш», - деп атап өтті.

Өз кезегінде М.Жұрынов Мая Шығаеваға арналған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқып, ғылым мен рухани әлемнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалымға министрлік тарапынан алғыс хат жолдады.  Биология ғылымын дамытуда үлкен қадамдар жасаған, тек бұл ғылымды отандық емес алыс-жақын көрші мемлекеттерде де кең насихаттаған Мая Шығаеваға деген шәкірттері мен замандастарының жылы лебіздері толастамады. Бірінен кейін бірі сөз алған олар алғыстарын жеткізіп, ізгі тілектерін білдірді. 

Құттықтау рәсімі барысында академик  Нәдір Нәдіров ғалымның  ҚазҰУ-дың дамуына қосқан үлесі бір төбе екендігін айтып: «Мая Шығаева - отандық ғылым мен жеңістің аңызы», - деп атап өтті. 

Академик Майя Хажетдинқызы Шығаева 1927 жылы 21 қаңтарда Астрахань қаласында дүниеге келді. Еңбек жолын 1949 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА микробиология және вирусология институтында аспиранттан директордың ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасарына дейін қызмет атқарды. 300-ден аса ғылыми жұмыстың авторы, соның ішінде 10 монография, 3 оқу құралы, 2 оқулық, 2 кітапша шығарды, 43 авторлық куәліктің иегері.

М.Х. Шығаеваның ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, "Халықтар достығы" және "Парасат" ордендерімен, "В.И. Лениннің 100 жылдығына арналған" және "Еңбек ардагері" медальдарымен және басқа да марапаттармен марапатталды.  

Бүгінде ғалым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің құрметті кафедра меңгерушісі болып қызмет жасауда. 

Соңғы жаңалықтар