Маусымның аяғында Қызылордада күріш жәрмеңкесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде күріш бағасының қымбаттауына түсінік білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер. Күрішке қажетті техникалардың бағасы қазір қымбаттап жатыр. Оған жұмсайтын жанар-жағармайдың да, құрал-жабдықтың да бағасы артуда. Оның үстіне қазір бүкіл жерде жалақы көтеріліп жатыр. Күріш саласында жұмыс істеп жүрген еңбек адамдарының да жалақысы жоғарылауда. Мұның бәрі сайып келгенде, күріш бағасының өсуіне әкеледі. Дегенмен, біз мұны бақылауда ұстап, жұмыс істеп жатырмыз. Өзіңіз айтқандай, тексеру болды. Шынында 6-7 кәсіпорында осындай деректер анықталды. Оған байланысты 100 млн теңгеге жуық айыппұлдар салынды. Олар алдағы уақытта күріш бағасын себепсіз өсірмейтін болады. Біз оны бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда бір келі күріш бағасы 400 теңгеден асып кетті. Бірақ Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша өзіміздің басқа әріптестерге, өңірлерге қолдау көрсетіп жатырмыз», - деді аймақ басшысы.

Осындай қолдау аясында өңірлер күріштің бір келісін 380 теңгеден сатып алуға мүмкіндік алған.

«Бірнеше өңір біздің кәсіпорындармен келісімшартқа отырды. Біз оларға күріштің бір келісін 380 теңгеден босатып жатырмыз. Енді алдағы маусым айының 23-25-інде үлкен күріш жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеге де әріптестерімізді шақырып жатырмыз. Қазірден бастап біздегі күріш өндірушілермен келісімшартқа отырып, алдағы уақытта арзан бағамен алуға болады. Оған көмектесеміз.

Бұл мәселенің екінші жағын да қарауымыз керек. Күріштің бағасы өскені - бір шетінен шығыны мен еңбегі өте көп. Сол салада жұмыс істеп жүрген адамдар бағаның шамалы болса да өскенін қалайды», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Соңғы жаңалықтар