Маусымдық жұмыс болғанымен, еңбек өтілі толық 1 жылға есептелетін салалар тізімі бекітіледі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Маусымдық жұмыс істейтін, бірақ еңбек өтілі толық жыл бойына есептелетін өнеркәсіп салаларының тізімі әзірленді. Бұл «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусым ішіндегі жұмысына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін бір жылғы жұмыс өтіліне есепке алынатын өнеркәсiптер тізімі:

1. Ағаш дайындау және ағаш ағызу

2. Ет және сүт өнеркәсiбi

3. Балық өнеркәсiбi

4. Өнеркәсiптiң қант және консервi салалары.

«Қаулы жобасы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушылардың еңбек өтілін жеңілдікпен есептеуге бағытталған. Қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгiзiледi», - деп түсіндірме берілген құжатқа.

Сонымен қатар, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін 1,5 есе мөлшерінде тағайындау үшін жұмыс өтілі жеңілдікпен есептелетін қызметкерлер тізіміне сот-медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдарда кейбір лауазымдарды енгізу жоспарланып отыр.

Құжат 6 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар