Маусымда Париж қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 4-5 маусымда Францияның Париж қаласында Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрылтай Еуропа құрылығындағы бауырлармен бас қосу, ортақ мәселелер бойынша пікір алмасу, ой бөлісу, келелі кеңес құру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Аталмыш басқосу аясында мынадай іс-шаралар жоспарланған:

- Еуропа елдері (Франция, Германия, Швеция, Түркия, Голландия, Норвегия, Ұлыбритания, Австрия) мен қазақстандық командалар арасында футбол турнирі;

- Қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі және ұлттық киім тігуден шеберлік сағаты;

- Дәстүрлі ойындар сайысы;

- Әбдіуақап Қараның Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі таңдаулы мақалалары кітабының тұсаукесері;

- Шетелде тұратын өнер шеберлерінің концерті өтеді.

Сонымен қатар Еуропа елдеріндегі қазақ мәдени бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылады.

Жиын барысында Еуропа қазақтары бірлестігі жаңа басшылығын және алдағы жұмыс жоспарын белгілейді.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев, Франциядағы қазақ ұлттық мәдени қоғамы төрағасы Нәзір Есімхан, Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының жетекшілері, «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы мен Еуропа қазақтары қатысады.


Соңғы жаңалықтар