Маусымда Астана Операда өтетін қойылымдар мен концерттер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - А.Аданның «Жизель» балетінің керемет премьерасынан соң, жаздың алғашқы айында «Астана Опера» театрында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына түрлі ойын-сауық спектакльдері мен концерттері ұсынылмақ. Көрнекті қазақстандық әрі әлем классиктерінің жауһарлары Үлкен зал афишасының сәнін келтірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

22 маусым күні сағат 18:00-де М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің әйгілі «Абай» ұлттық операсы сахналанады.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры қоюшы дирижер, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетпек. Қоюшы режиссер - Джанкарло дель Монако. Бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы дирижердің ассистенті - Руслан Баймурзин, қоюшы режиссердің ассистенті - Еренбақ Тойкенов.

Спектакльдегі басты партияларды «Астана Опера» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері ұсынады: Абай - Жанат Шыбықбаев, Ажар - Салтанат Ахметова, Айдар - Нұрлан Бекмұхамбетов. Сырттанның рөлін театрдың жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян орындайды, Жиренше - Талғат Ғалеев (дебют), Евгений Чайников, Әзім - Бейімбет Таңарықов, Қарлығаш - Татьяна Вицинская, Көкбай - Ержан Саипов, Нарымбет - Рамзат Балакишиев, Мес - Шыңғыс Расылхан.

26 маусымда сағат 19.00-де ғаламат Гала-балет кеші өтеді. Екі бөлімнен тұратын ауқымды бағдарламаға «Астана Опера» балет трупасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова М.Петипаның хореографиясындағы классикалық балеттерден па-де-де және сахналық көріністер, соның ішінде Ж.Коралли, Ж.Перроның хореографиясындағы А.Аданның «Жизель» балетінен Па-де-де, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Сыған биі (Е.Шерстневаның редакциясы) және Гран-па, «Баядерка» балетінен Үнді биі, Р.Дригоның «Арлекинада» балетінен Па-де-де, А.Аданның «Корсар» балетінен Па-де-де енгізген.

Көрермен қауымға XX ғасырдағы көрнекті хореографтардың балеттерінен дуэттер ұсынылмақ: Р.Петидің Ж.Бизе музыкасына «Кармен» және М.Жарр музыкасына «Париж Құдай Анасының соборы», сондай-ақ Н.Римский-Корсаков музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» (А.Лиепаның реконструкциясы) балеттерінен дуэттер қойылады. Заманауи отандық әрі шетелдік хореографтар мен сазгерлердің, атап айтқанда К.Звереваның хореографиясындағы А.Райымқұлованың «Заман тынысы» балетінен дуэт және Дж.Уильямстың «Жоғалған жұмақ», А.Садықованың хореографиясындағы Қ.Шілдебаевтың «Тамыр» сынды озық туындылары орындалатын болады.

Театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» жетекші солистері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Гаухар Усина, Рүстем Сейітбеков; Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, солистер Серік Нақыспеков, Анастасия Заклинская, Далер Запаров, балет әртістері Жәнібек Иманқұлов, Шұғыла Әдепхан, Наталья Кондя, Назира Заетова, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев, Ғалымжан Нұрмұхамет, Сұлтанбек Ғұмар және т.б. өнер көрсетеді. Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, дирижері - Арман Оразғалиев.

29 маусым күні сағат 18.00-де тыңдармандарға Джоаккино Россинидің әйгілі «Севильдік шаштараз» күлдіргі операсы ұсынылатын болады. Спектакльдің қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, дирижер - Руслан Баймурзин. Қоюшы режиссер - Альфонсо Антониоцци, бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссердің ассистенті - Еренбақ Тойкенов.

Фигаро партиясын театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сүндет Байғожин ұсынады, Альмавива - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Розина - «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Бартоло - Евгений Шагаров, Базилио - Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Берта - Гүлжанат Сапақова, Татьяна Вицинская, Фиорелло - Ержан Саипов, Офицер - Шыңғыс Расылхан.

Соңғы жаңалықтар