Мәулен Әшімбаев: Ұлттық құндылықтарды дәріптеу де Сенат жұмысының басым бағыты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференцияда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем түркі жұртының рухани әлеуетін ұлы тұлғаларымыз бен олардың өміршең туындылары арқылы таниды. Осынау алып шайырлардың мұрасы мәңгілік жасампаздық күшке ие.

Тіпті оларды түркі халықтарының өзара бауырластығының алтын діңгегі десек те қателеспейміз. Сол себепті, олардың мұрасын жарыққа шығару, аудару, зерттеу – біздерге міндет. Осы міндеттің үдесінен шыға білген Академияға және оның ұжымына үлкен алғыс айтамыз», - деген Сенат Төрағасы бұл жұмыс әрі қарай да табысты жалғасатынына сенім білдірді.

«Жалпы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық сананы жаңғырту Сенат жұмысының да негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда ұлттық бірегейлікті нығайту, ұлттық кодты сақтау аса маңызды. Осы бағытта парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер тағы да басқа іс-шараларды тұрақты өткізіп келеміз.

Сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдары арқылы да бұл саладағы біраз мәселені көтеріп жүр.

Сенаторлардың бірқатар ұсыныстары «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын әзірлеу барысында да ескерілді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді», - деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар