Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблея байқаушыларымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар делегациясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация мүшелері 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына бақылау жүргізеді.

Мәулен Әшімбаев пандемияға қарамастан сайлау барысына мониторинг жасау үшін Қазақстанға арнайы келген ТМД ПА өкілдеріне алғысын білдірді.

Қазақстан Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына бақылау жүргізу үшін 11 халықаралық ұйым, шетелдік бақылаушылар мен БАҚ өкілдерін шақырғаны белгілі.

«Қазақстан бақылау процесіне баса мән беріп отыр. Біздің еліміз сайлауды жоғары демократиялық стандарттарға және нормаларға сәйкес өткізу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың бұған дейінгі ұсынымдарын ескере отырып, дауыс беру үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында Сенат спикері еліміздің саяси жүйесін дамытуға арналған нақты қадамдар туралы да айтып өтті. Соның ішінде Парламенттің былтыр Президенттің саяси реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз еткеніне назар аударды. Соған сәйкес партиялық тізімдерге әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастарға арнайы 30 пайыздық квота енгізілді және парламенттік оппозиция институты заңмен бекітілді. Одан бөлек, саяси партияларды құру және тіркеу тәртібі де жеңілдетілді.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған заңдар партиялық жүйені нығайтуға, әртүрлі әлеуметтік топтардың саяси процестерге қатысуын кеңейтуге арналған», – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын арттыру бойынша атқарып келе жатқан жұмысын жоғары бағалады.


Соңғы жаңалықтар