Мәулен Әшімбаев сессия жұмысын қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы Сенаттың қорытынды отырысын өткізіп отырмыз. Сессия барысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Парламент 63 заң қабылдады. Олардың ішінде 15-іне депутаттық корпус бастамашылық жасады. Палатаның қарауына түскен әр заң жобасы жан-жақты қаралып, тұрақты комитеттер мен жалпы отырыстарда кеңінен талқыланды. Азаматтар мен сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары да назардан тыс қалмады. Осы орайда, Президенттің бастамашы болуымен қабылданған жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салған заңды ерекше атап өткен жөн.

Осылайша бұл мәселе түбегейлі шешілді. Сайлау заңнамасына маңызды өзгерістер жасалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы норма қабылданды. Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегі төмендетілді және сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жол қосылды», - деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша да шаралар қабылданды. Ауыл халқының өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін жергілікті билік органдарына қосымша функциялар мен өкілеттіктер берілді. Сенат депутаттары экономикалық өсімді қалпына келтіруге, індеттің таралуына тосқауыл қоюға, шағын және орта бизнесті қолдауға көп көңіл бөлді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру екені сөзсіз.

«Ашықтықты арттыру үшін квазимемлекеттік сектордың сатып алулары алғаш рет заңмен регламенттелді. Сот-құқық қорғау саласында қабылданған заңнамалық өзгерістердің ауқымды бөлігі азаматтардың құқықтарының қорғалуына, кәсіпкерлерді заңсыз араласудан қорғауға бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін ұлттық заңнамада алғаш рет «Әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымына анықтама берілді. Мемлекет тарапынан осы бағытты қолдаудың нақты шаралары мен тетіктері белгіленді. Бұл маңызды заң жобасын сенаторлар қысқа мерзімде Үкіметпен және әлеуметтік кәсіпкерлермен бірлесіп дайындады», - деді Сенат төрағасы.

Былтырғы қыркүйек айынан бері сенаторлар 7 заң жобасына бастамашы болып, оның 6-уы қабылданды. Сондай-ақ, Сенат депутаттарының бастамашылығымен тағы 14 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Сенат қабырғасында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізілді. Отырыс барысында ұлттық мүддемізге қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, тиісті ұсынымдар әзірленді. Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек көпшілікке таныстырылды.

«Сенаторлар өңірлерге барып, халықпен және еңбек ұжымдарымен үш жүзге жуық кездесу өткізді. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер өткізген 3 үкімет сағаты, 5 көшпелі отырыс, 40 дөңгелек үстел мен кездесу аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды. Осы іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді. Оның бәрі Сенаттың бақылауында болады. Ағымдағы сессияда әріптестеріміз 45 депутаттық сауал жолдап, орталық мемлекеттік органдардың назарын өзекті мәселелерге аударды және оларды шешу жолдарын ұсынды», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол 30 маусымда бірлескен отырыс өтетінін, онда бірінші сессияның жұмысына қорытынды жасалып, парламеттік каникул жарияланатынын айтты.

«Парламенттік каникул кезеңінде депутаттардың жұмысы тоқтап қалмайтыны белгілі. Сіздер өңірлерге барып, халықпен, жұртшылықпен кездесесіздер. Соның аясында жергілікті жерлердегі проблемаларды зерделеп, сындарлы ұсыныстар жинақтайсыздар. Оның барлығы да алдағы депутаттық қызметімізге негіз болатыны сөзсіз», - деді М. Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар