Мәулен Әшімбаев: Президент Әкімшілігі қоғамдық ұйымдармен қатынасты жаңа сатыға көтеруге мүдделі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстанның Азаматтық альянсының конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысуда.

Жиында Азаматтық альянстың өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, ұйымның 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп алмақ.

«Жалпы, Азаматтық альянс уақыттың сынынан өткен, еліміздің дамуының бір жауапты кезеңдерінде өзінің сындарды позициясын танытқан, мемлекеттің конструктивті серіктесі ретінде үлкен іс-шаралардың басы-қасында жүрген қоғамдық ұйым. Еліміздің дамуына, қоғам мен билік арасына ашық диалогтың орнығуына, әртүрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Азаматтық альянс және осы ұйымға кіріп отырған мемлекетті емес құрылымдар өздерінің үлкен үлесін қосуда. Соңғы бірнеше жылда Азаматтық альянстың жұмысында жаңа әрі тың үрдістер бар екенін көріп отырмыз», - деді Мәулен Әшімбаев конференция барысында.


Оның айтуынша, қазір еліміздің дамуында жаңа кезең басталып келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Елбасымыздың саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, елімізді жаңа белестерге шығаруға арналған жұмыстарды жүргізіп жатқанын білесіздер. Осындай үлкен реформалардың бәрі де азаматтық қоғамның қатысуынсыз дұрыс жүзеге асырылмайтыны түсінікті. Сондықтан, Президент Әкімшілігі қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдармен қарым-қатынасты ары қарай жандандыруға, жаңа сатыға шығаруға мүдделі», - деді ол.





Соңғы жаңалықтар