Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының кемшін тұсын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев әкімдіктердің айтқанына көне бермеу керектігін жеткізді. Себебі филиалдар тікелей партияға бағынады және жергілікті жерде бақылау шараларын белсенді түрде жүргізуі тиіс, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселен, Жайық өзенін алайық, желтоқсан айынан бері балықтардың жаппай қырылуы тіркелді. Қазір осы мәселе өзекті проблемаға айналды. Балықтың біраз бөлігі қырылып қалды. Соның ішінде қолдан өсірілген бекіре тұқымдас балықтар да бар. Бұл - өте қымбат өнім. Содан үлкен шығын келді. Партияның Атырау облыстық филиалы болса, осы мәселені мемлекеттік органдарға жеткізіп, сарапшылардың көмегімен нақты себебін іздеудің орнына орталыққа «бәрі жақсы» деп xат жазып отыр. Сенбілік кезінде бәрін тазартып тастаймыз, дейді. Ондай xат-xабарлардың қажеті қанша? Мәселені шешумен айналысу керек. Аймақта проблема болса, оны дер кезінде көтеріп, мемлекеттік органдарға жеткізу керек», - деді М.Әшімбаев бүгін орталық аппаратта өткен жиында. Ал аймақтық филиалдар онлайн режімде баланысқа шыққан болатын.

М.Әшімбаевтың айтуынша, «Халыққа көмек» жобасы аясында жергілікті мәселелерді жылдам шешіп отыру қажет. Осы жұмысқа қоғамдық қабылдаулар да, арнайы бақылау топтары да атсалысатын болады. Мемлекеттік органдар нақты жұмысты қолға алғанша мониторинг жүргізіледі.
«Атыраудағы жағдай анық бір нәрсені көрсетті. Біздің филиалымыз орталыққа анықтама жазғаннан басқа мәселені дер кезінде көтерген жоқ, оның шешілуіне де атсалыспады. Ал әлеуметтік желілер шулап жатыр. Мемлекеттік органдар да ол мәселені талқылап жатыр. Партияның филиалы болса, ортақ шараларға қатыспаған. Атырау филиалы, сіздер маған ренжімеңіздер. Мен қатты айтқан шығармын. Бірақ жергілікті жерде проблема болса, біздің филиалдарымыз үн-түнсіз отырмауы қажет. Орталықтың бұйрығын күтпеңіздер. Өздеріңіз өзекті деген мәселелерді көтеріңіздер, әлеуметтік желі арқылы жеткізіңіздер. Біз соның бәрін айтпасақ, кінәлі адамдарды жауапқа тартсын деп, талап қоймасақ, филиалдарының қажеті қанша? Бәрі жақсы, бақылауда ұстап отырмыз деп, бізді жұбатудың қажеті жоқ. Сіздер әкімдіктің бір құрылымы емессіздер, Елбасы партиясының бір бөлшегі болып саналасыздар. Біз xалықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істеуіміз керек», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Осы орайда алдағы су тасқыны мәселесін жіті бақылау қажеттігін жеткізді. Партия филиалдары жергілікті жерде су тасқынына қарсы шаралар дұрыс атқарылмаса, оны дер кезінде тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу керек.
Айта кетейік, күні кеше ҚР Ішкі істер министрлігі бірнеше 100-ге жуық елді мекеннің әкімдеріне ескерту жасағанын мәлімдеді. Себебі аталған атқарушы органдар су тасқынына дұрыс жайындалып жатқан жоқ.
«Мәселен, Ішкі істер министрлігінің жергілікті құрылымдары елді мекендердің 88 әкіміне ескерту жазып берді», - дейді вице-министр Ю.Ильин.

Соңғы жаңалықтар