Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының Төрағасымен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының Төрағасы Нурдинжон Исмоиловпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның басспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев екі елдің мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты белгілеп бергенін, оны жоғары деңгейді заңнамалық органдардың байланыстары арқылы әрі қарай дамытудың маңызды екенін атап өтті.

«Біздің Президенттеріміздің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастық дәйекті дамып келеді. Бұл ретте парламентаралық диалогтың маңызы зор. Сондықтан Парламенттеріміздің өзара байланысы тұрақты және даму сипатына ие болды. Екі мемлекет басшыларының уағдаластығы нәтижесінде құрылған Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі де екіжақты парламентаралық байланыстарды дамытуға қосымша серпін береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының Төрағасы Қазақстан Президенті бастамашы болған реформаларды Өзбекстан тарапы құптап отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптеген бастамалары тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды екеніне тоқталды. Нұрдинжон Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында екіжақты сипаттағы ынтымақтастық халықаралық алаңдардағы, оның ішінде ТМД ПАА аясындағы өзара іс-қимылмен толықтырылып, күшейтілетіні атап өтілді. Мәулен Әшімбаев биылғы 28-29 наурызда Алматы қаласында ТМД елдері Парламенттері басшыларының және бірқатар халықаралық парламенттік ұйымдардың қатысуымен өтетін ТМД ПАА Кеңесінің мерейтойлық отырысы өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға серпін беретінін айтты.


Соңғы жаңалықтар