Мәулен Әшімбаев Өзбекстан елшісімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті. Онда тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттырып, партияаралық диалогты дамыту жайын кеңінен талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпаарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сөз басында Мәулен Әшімбаев бауырлас екі елдің ортақ құндылықтарына назар аударды.

«Қазақ пен өзбек тарихы тамырлас халық. Біздің ортақ құндылықтарымыз да өте көп. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Осы ретте мемлекетаралық байланысымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің достық қарым-қатынасының нәтижесінде жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өткен жөн. Біздің ендігі міндетіміз - сол деңгейден төмендемей, қазақ-өзбек байланысын одан әрі күшейту», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол екі елдің сауда-экономикалық байланысының даму көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,5 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2017 жылғы көрсеткіштен 25 пайызға артқан.null

Мәулен Әшімбаев бұл көрсеткіштердің шектік деңгей емес екеніне тоқталып, аталған іске өткен жылдың қарашасында Шымкент қаласында және биыл наурыз айында Өзбек елінің астанасы Ташкентте өткен аймақаралық форумдардың тигізер септігі мол боларына сенім білдірді.

Кездесуде екі елдің саяси және экономикалық мәселелермен бірге қорғаныс саласы, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілікті сақтау сияқты ортақ мүдделер жайында да сөз болды.

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстан мен Өзбекстанның Парламентаралық байланысының да жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті. Өз сөзінде ол таяуда ғана Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялағанын атап өтті.

«Қазақстан Парламентінің делегациясы 2017 жылы сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Өзбекстанға ресми сапармен барды. Ал 2018 жылдың қарашасында Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығарушы палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов ресми сапармен Қазақстанға келді. Бұл сапарлар екі елдің парламентаралық байланысының дамуына тың серпін берді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, кездесуде тараптар партияаралық диалогты дамытудың тиімді тетіктерін талқылап, «Nur Otan» партиясы мен Өзбекстанның либералды-демократиялық партиясы мен аталған саяси құрылымдардың жастар қанаты және жергілікті филиалдары арасында байланыс орнату мәселелерін сөз етті.

«Бұл бағыттар бойынша «Nur Otan» партиясы байланыс орнатуға дайын. Өйткені партиямыздың, жастарымыз бен филиалдарымыздың жүйелі қарым-қатынасы елдеріміздің дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі мен партияның алдағы он жылға арналған жаңа бағдарламасы жайында әңгіме қозғап, елімізде Тұңғыш Президентіміздің саяси бағыт-бағдары әрі қарай жалғаса беретінін айтты.

«Жаңа бағдарламада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты 10 мақсат анықталды. Одан бөлек, Елбасы, партиямыздың Төрағасы 4 жалпыұлттық әлеуметтік жобаны көрсетіп берді. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы осы мақсат-міндеттерді орындау үшін жұмыс істейді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Елші мырза екі елдің жан-жақты байланысын нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтып, Өзбекстан тарапының партияаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүдделі екенін жеткізді.

«Өзбек пен қазақ түбі бір туыс халық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі таңда екі елдің қарым-қатынасы барлық деңгейде тұрақты дамуда. Өзбекстан алдағы уақытта осы байланысты одан әрі күшейтіп, партияаралық бағытта дамытуға мүдделі. Соның ішінде жастар мәселесі біздің басты назарымызда. Қазіргі таңда Қазақстандағы оқу орындарында 9 мыңнан астам өзбекстандық жас азамат білім алуда. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс істейміз деп сенеміз», - деді Саидикрам Ниязходжаев.

Бұдан бөлек, ол аймақаралық байланысты дамытудың маңызы мен бірлесіп жұмыс істеудің ұтымды екеніне ерекше назар аударды.

Соңғы жаңалықтар