Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумын жыл сайын өткізуді ұсынды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдерінің бірінде жыл сайын Парламентаралық форум өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламентаралық форум парламентарийлердің жүйелі жұмысы үшін тиімді және нәтижелі алаң бола аларына сенімдімін. Бастама бір реттік шара болмайды деп үміттенеміз. Жыл сайын Орталық Азия елдерінің бірінде Парламентаралық форум өткізуді ұсынамыз. Оның ел астаналарында ғана емес, халықтарымыз үшін қасиетті және мәдени-тарихи маңызы бар басқа қалаларда да өткені маңызды», - деді Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумында.

«Осыған байланысты өзбек тарапына және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Камалқызы Нарбаеваға келесі жылы Самарқандта екінші форум өткізуге дайын болғаны үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Бұл бастаманы қолдағаныңыз үшін көп рахмет», - деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Түркістан декларациясы жобасында көпжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары баяндалғанын айтты. Бұл құжат бүгін форум қорытындысы бойынша қабылданды.

Сенат спикерінің айтуынша, Орталық Азия халықтарының мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы, ортақ мәдени және рухани мұрасын сақтау және ілгерілету маңызды басымдық болып саналады.

«Биылғы қаңтар айында Бішкекте қазақ және қырғыз зиялыларының форумы өтті, оған Нұрланбек Тұрғынбекұлы екеуміз қатыстық. Бұл шара әлемдік мәдениет пен әдебиетке баға жетпес үлес қосқан, қырғыз халқының ұлы тұлғасы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналды. Ш. Айтматов көрнекті жазушы, қоғам қайраткері және дипломат ретінде Орталық Азия бірлігі идеяларын насихаттады. Бүгін бізде ұлы жазушының идеяларын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Біз халықтарымыз арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайту үшін форум аясында осындай зиялы қауым кездесулерін өткізуді талқылай аламыз», - дейді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумына қатысушыларға құттықтау хат жолдады.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар