Мәулен Әшімбаев: Нұр-Сұлтан талай жанның өмірден өз орнын табуына даңғыл жол ашты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook әлеуметтік желісінде Елорда күнімен құттықтады.

«Құрметті достар!

Баршаңызды Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – асқақ абырой мен еңселі елдіктің мерекесі. Шын мәнінде, Нұр-Сұлтан қаласы – егемен еліміздің 30 жылда қол жеткізген ең басты жетістігі мен жеңістерінің бірегейі. Бүгінде елордамыз – Алаштың айбары мен айбыны, қазақтың бары мен бағы.

Елбасымыз әсем астанамызды салу арқылы ата-бабамыздың асыл арманын ақиқатқа айналдырды. Бас қаламыз қысқа мерзім ішінде дүние жүзіне тәуелсіз Қазақстанның ірі саяси, экономикалық, іскерлік, ғылыми және мәдени орталығы ретінде танылып үлгерді. Астанамыздың әлемдік деңгейдегі мәселелерді талқылайтын алаң ретінде де орны бөлек.

Расымен, елордамыз арқылы еліміздің абырой-беделі артып, елдігіміздің іргесі беки түсті. Тәуелсіз Қазақстанның алдағы мақсат-міндеттері де бас қаламызбен тікелей байланысты. Сондықтан астанамыздың өсіп-өркендеуі тұтас еліміздің дамуына серпін беретін басымдық деуге толық негіз бар.

Нұр-Сұлтан шаһары талай жанның арманына қанат бітіріп, өмірден өз орнын табуына да даңғыл жол ашып берді.

Қазіргі таңда Елбасы мен Елорда егіз ұғымға айналды. Сол себепті, Тұңғыш Президентіміздің туған күні мен қала күнін қатар атап өтудің символикалық мәні зор.

Алдағы уақытта Елбасымыздың егемен елдің негізін қалау жолындағы ерен еңбегін қадірлеу және мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға арналған стратегиялық бағдарын лайықты жалғастыру – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Осы жолда барлық қазақстандық жұдырықтай жұмылса, әлі талай белестерді бағындыратынымыз анық.

Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін! Қазақтың рухын аспандатқан астанамыз жасай берсін! Елбасымыз аман, еліміз мәңгілік болсын!»,-делінген құттықтауда.


Соңғы жаңалықтар