Мәулен Әшімбаев Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы заңсыз шерулерге пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің бірқатар өңірінде 1 мамыр күні өткен заңсыз шерулерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге де бірқатар қалада өткен шерулердегі жағдай біркелкі. Біздің азаматтарымыздың пікір айту, жиналу құқығы бар. Бірақ, мұның барлығы да еліміздің заңнамасына сәйкес орын алуы тиіс. Егер мұндай жайт болмаса, біз заңда ұстанбасақ, белгіленген ережелерге бойсұнбасақ, онда мұның бүкіл қоғам үшін теріс салдары болады», - деді Мәулен Әшімбаев ОСК-дегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол Алматыдағы марафон барысындағы акцияға қатысты да пікірін білдірді.

«Алматыдағы марафон барысында бірнеше жастың жүзеге асырған акциясына қатысты мәселенің екі жағы бар екендігін атап өткім келеді. Мазмұндық және өткізу жағы бар. Мазмұндық жағынан келер болсақ, жастар еліміздің заңнамасына, халықаралық нормаларға сәйкес ашық, әділ сайлау өткізуді жақтайтын болса, онда бұл біздің партиямыздың жақтап отырған ұстанымы», - деді ол.

Мәулен Әшімбаев Президенттің бұл сайлауды ашық, әділ және еліміздің заңнамасына сай өткізу туралы тапсырмасы бар екендігін еске салды.

«Сол себепті мазмұндық жағынан келер болсақ, сайлаудың әділ өтуіне қарсы болатын адамдар жоқ деуге болады. Адамдардың қатысуымен, көптеген қала тұрғындарының қатысуымен өтіп жатқан өзге шара барысында жасалған мұндай әрекеттер, тағы да қайталап айтамын, Қазақстан заңына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Егер біз оны ұстанбасақ, онда бұл деструктивті тенденцияның күшеюіне алып келеді. Елдегі белгілі бір теріс тенденция күшейе түседі. Ал бұл ешкімге қажет емес», - деді Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар