Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» кандидатының сайлау штабының жұмысын ұйымдастырумен айналысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айналысады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ҚазАқпарат хабарлайды.

«Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидатура ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, кеңес барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев сайлау штабын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев М.Әшімбаевтың ақпаратын назарға алып, партияның орталық аппараты мен филиалдары алдағы іс-шараларды ұйымдастыру үшін жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеуге тиіс екеніне тоқталды.

«Партияға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл - таңдап алған саяси бағдарымыздың сабақтастығын және өзім белгілеген барлық стратегиялық міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ету. «Nur Otan» Қазақстанды жаңғыртатын басты қозғаушы күшке айналды. Сондықтан, белгіленген міндеттердің бәрі толығымен орындалуға тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы «Nur Otan» партиясының орталық аппаратына барып, оның қазіргі жұмысымен танысты және құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Соңғы жаңалықтар