Мәулен Әшімбаев: Мемлекеттің әлеуметтік қолдауы патронаттық көңіл-күйді туғызбауы тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет жүзеге асырып жатқан барлық әлеуметтік шаралар пакеті қоғамда патронаттық көңіл-күйді туғызбауы керек. ОКҚ-да «Халыққа көмек» жобасының басталуына қатысты өткен баспасөз мәслихатында Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы партияның соңғы съезінде 4 жалпұлттық жобаны, атап айтқанда «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен», «Ауыл - ел бесігі» жобаларын жүзеге асыруды тапсырған. Осыған орай, аталмыш жобалар Nur Otan партиясы жұмысының ерекше назарында болады.

«Мемлекет жүзеге асырып жатқан барлық әлеуметтік шаралар пакеті, бүкіл шара - масылдық пен біздің қоғамда патронаттық көңіл-күйді туғызбауы керек. Қалай болғанда да, мемлекет пен қоғамның ресурсы шектеулі екенін түсінген жөн. Егер азаматтар жұмыс істемесе, мемлекеттік органдардың көмегіне ғана иек артып отырса - бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Жұмыс істеуге мүмкіндігі бар адамдар экономиканың және қоғамның дамуына үлес қосып, еңбек етіп, ұлттық әл-ауқатты көтеруге қолдау көрсетуі керек», - дейді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, масылдық көңіл-күй жайласа, мұның арты терең әлеуметтік дағдарысқа алып келеді.

«Себебі, ресурстар қоғамның қолдауымен жиналады. Мүмкіндігі шектелуі азаматтарды қолдау үшін бюджетте қаражат болуы керек. Бюджет толымды болу үшін салық түсіп тұруы тиіс. Салық - кәсіпорындар жұмыс істеп тұрса ғана түседі. Бұл - нақты модель», - дейді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Nur Otan партиясының бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсететін «Халыққа көмек» жобасы өз жұмысын бастағанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар